50 жастағы ер адам танымал кір жуғыш ұнтақтардың көшірмесін қолдан жасап сатқан

170

Шымкентте 50 жастағы ер адам өз үйінде шеберхана ашып, әйгілі брендтердің өнімдерін қолдан жасап сатқан, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz порталына сілтеме жасап. 


Әділет департаментінің мәліметінше, ер адамның шеберханасынан таразы, темір дәнекерлеу жабдықтары және 8 мыңнан астам бос пакеттер табылып, тәркіленген.

"Сот қаулысына сәйкес, Әділет департаменті және Экономикалық тергеу басқармасының сот орындаушыларымен бірлесіп, Ariel, Mif, Tide көшірме ұнтақтары, 1,5 мыңға жуық дайын контрафактілік өнімдер, 8 мың бос пакеттер және 51 дана арзан ұнтақтар, Barf және Push сияқты тұрмыстық тауарлар жойылды. Шымкент қаласы Қаратау ауданының 50 жастағы тұрғыны бұл жалған ұнтақтарды "Акбар" базарында сатып тұрған. Сот отырысында ол кінәлі деп танылып, өзі де кінәсін толық мойындады”,- деді Шымкент қалалық Әділет басқармасының басшысы Мейрам Мұхтаров.

Мамандардың айтуынша, жалған ұнтақтардың қаптамасының түсі түпнұсқаға қарағанда қанық болған. Қаптаманың жасанды түрін жасаумен басқа адам айналысқан.

"Кәсіпкер танымал ұнтақтардың пакеттерін жасайтын адамды ОLX бағдарламасы арқылы тапқан. Ол пакеттерді дәл түпнұсқадағыдай жасаған. Алайда оларды түсі бойынша ажыратуға болады. Жалған өнім түпнұсқасына қарағанда әлдеқайда қоюырақ. Пакеттердің көшірмесін жасаушы әлі табылған жоқ",- деді Мейрам Мұхтаров.

Кір жуғыш ұнтақтарды қолдан жасаушы таратушы компанияға 10 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Барлық шығынды сотталушылар толық өтеп берді.