Қызылордада 6 жыл бұрын берілген көпқабатты үйдің қабырғалары құлағалы тұр

330
Бірнеше пәтердің ішкі қабырғаларындағы ырсиып тұрған үлкен жарықтардан тіпті арғы бөлме көрінеді. Ал осы көпқабатты үйде 60 отбасы қорқынышпен күн кешіп жатыр, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап. 



Қазір қабырғалары қақырап тұрған көпқабатты баспана мемлекеттік бағдарлама арқылы 2016 жылы берілген. Көпшілік соңғы екі айдан бері жарықтардың тіпті үлкейіп бара жатқанын айтады. Бұлай жалғаса берсе, ішкі қабырғалары жапырылып құлап, жермен-жексен боламыз ба деп қорқады көпшілік.

Екі ай бұрын үйдің астынан су кеткен. Содан басталды. Қазір жарықтардың арасына қолымыз сияды. Ұйықтап жатқанда төбемізге түсе ме деп алаңдаймыз, - дейді тұрғын Бақытжан Жақыпов.


Пәтерлердің едені де ойылып, төмен түсе бастаған. Жарықтар соңғы күндері тек пәтер ішінен емес, подъезден де пайда болыпты. Ал бұл мәселеге байланысты тұрғындар әкімдікке талай арызнданған екен. Алайда нәтиже жоқ.

Әкімдікке неше рет бардық. Әне, міне деп алдап жібереді. Өздері осындай үйде тұрса, көрер едім. Қаншама халықтың обалына қалады ертең, - деп ашынады тұрғын Шолпан Сайымова.


Екі айдан бері мәселеден хабардар болса да, көпқабатты үйге аттап баспаған шенеуніктер бүгін жағдаймен танысты. Олар қабырғалары құлауға шақ тұрған қауіпті үйдің қазіргі күйін көзбен көрді. Алайда тұрғындарға тағы да мардымды жауап бере алмады.

Ертең түске дейін эксперт мамандарды алып келеміз. Мұны зерттеу керек. Соның нәтижесімен ғана қорытынды шығарамыз, - дейді қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай.


Әкім орынбасарының жауабы зерттейміз, бақылаймыз дегеннен әрі аспады. Ал 60 отбасының қауіпті баспанада қашанға дейін қорқынышпен күн кешері әзірге белгісіз.