Имам ел арасында дау тудырған жайдың нүктесін қойды

339

Фото: istockphoto.comЕл арасында дұға тілеген соң "әмин" деп те, "әумин" деп те айтатындар бар. Алайда, әлеуметтік желілер мен отырыс-жиындарда осы екі сөздің қайсысы дұрыс екенін анықтай алмай, сөз таластыратындар көп. Кейбірі "әмин" сөзі араб тілінінен енгендіктен, осы нұсқаны қолдану керектігін айтады. Ал енді бір бөлігі ата-бабаларымыз секілді "әумин" дегеннің дұрыстығын алға тартуда. 


"Осы сөз көптен бері ел арасында пікірталас тудырып келеді. Бұған дейін Аллаһ деген дұрыс па, әлде Алла деген дұрыс па деп, көпшілік сауал жолдаған болатын. Бұл мәселеге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жауап беріп, "Алла Тағала" деп айту керектігін ескертті. Міне, әумин сөзіне қатысты жайт та осыған ұқсас. Біздің ата-бабаларымыз "әумин" сөзін қолданды. Әумин деп бата берді. Араб тілінде әмин болғанымен, қазақ тіліне енген соң айтылуы жағынан өзгеріске ұшырап, бірақ түпкі мағынасын жоғалтпаған сөз бұл. Сондықтан, өзіміздің бабалар сөйлеген сөзбен, туған тілімізде "әумин" дегеніміз дұрыс", - дейді дінтанушы. 


Сондай-ақ, Нұрлан Байжігітұлы бата беру кезіндегі ерекшеліктерге де тоқталып өтті.


 "Бата берген кезде көбіміз ұмытып кететін бір жағдайды айтқым келіп тұр. Егер жасы үлкен адам батаны отырып берсе, бата алушы адам түрегеліп тұрғаны дұрыс. Егер батаны орнынан тұрып берсе, бата алушылар тізе бүгіп, батаны отырып алады. Яғни, батаны беруші де, алушы да бір жағдайда болмауы керек. Бата біткен соң, қазақтың өз сөзімен "әумин" деп бет сипаймыз", - дейді Нұрлан Байжігітұлы.