Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейі

1

Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану аудан әкімінің 1999 жылғы 10 қарашадағы №144 санды шешімімен ашылып, 2000 жылдың қаңтар айынан бастап аудан халқына қызмет ете бастады.

Музейдің алғашқы директоры болып жергілікті өлкетанушы-журналист Ахмет Тілеулиев тағайындалады және ол кісі музейдің аудан көлеміндегі үлкен мәдени ошақ болып қалыптасуына, ауданжұртшылығы мен жас ұрпақты отаншылдық және туған жерге деген адалдық рухында тәрбиелеуге зор үлес қосты.

2020 жылдың тамыз-қыркүйек айларында аудандық музейде реэкспозиция жұмыстары жүргізіліп, музей экспозициясы ішінара жаңартылды.

Жаңа экспозицияға Алашорда қайраткерлері, жалағаштық жауынгер-интернационалистер, 1939–2020 жылдар аралығында ауданға басшылық жасаған азаматтар, аудандық білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен ардагерлері жайлы тың мәліметтер мен экспонаттар қойылды.

Қазіргі таңда музейде аудан көлемінің 70–67 млн. жылдан бергі (археозой эрасының мезозой дәуірінің бор кезеңінен) геологиялық тарихынан бастап, ауданымыздың қазіргі заманғы тарихы, мәдениеті мен өнерінен сыр шертетін 2 зал мен көрме залы жұмыс жасап тұр.

Экспозицияға қойылған экспонаттар хронологиялық ретпен орналастырылып, ауданымыздың құрылуы, тарихы, ауылшаруашылығы мен мәдениеті жайлы сыр шертіп, көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырып келеді.

Қызылорда облысы әкімінің 28 желтоқсан 2018 жылғы №1301 санды Қаулысының негізінде 2019 жылдың ақпан айынан бастап, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалы болып қайта құрылды.

Қазіргі таңда 24 жылға жуық аса тарихы бар аудандық музей бағзы замандарда аудан көлемінде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тарихы туралы сыр шертетін асыл мұралар мекені.