Түркістанда тегін спорт зал ашылды

462
Түркістан облысының Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылында балаларға арналған қайырымдылық спорт залы ашылды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа спорт зал жергілікті мектеп аумағында ірге қалаған. Зал бөлмесі мектеп балансында. Осыған дейін ауыл балалары күрес үйірмесіне барғанымен, тұрақты жаттығулар өткізу үшін қажетті жағдай жасалмаған еді. Сондықтан тұрғындар, әсіресе, балалар жаңа залдың ашылуын асыға күтті.

«Қазақстан халқына» қоры «Батыр боламын» ҚҚ-мен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобаны естіп, ауыл азаматтары болашақ зал ашылатын ғимаратты өз күштерімен жөндеуден өткізді.

«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен үй-жай қажетті заманауи жабдықтармен, спорттық құрылғылармен және жаттығуға арналған құралдармен жарақтандырылды. Жаңа спорт залда 80 бала еркін күреспен айналысуды бастап кетсе, бокс секциясына қабылдау жүріп жатыр.

«Біз залдың ашылуын асыға күттік. Апта сайын жаттығамыз. Бәрімізге қатты ұнайды. Қаладағыдай залдардай өте кең және заманауи. Осындай спорт залды ашқан ағаларымызға рақмет!», – дейді секцияға қатысушылардың бірі Досжан Азамат.

Қақпақ ауылындағы бұл нысан - «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Батыр боламын» қорымен серіктестікте «24 балалар спорт залы» қайырымдылық жобасы аясында ашқан тоғызыншы спорт зал.