Ақтауда ХІІ жазғы универсиада басталды

173

Ақтау қаласында ХІІ жазғы универсиадада еліміздегі 55 универсеттің 3 мыңнан аса студенті келіп, бақ сынап жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Ақтауда алғаш рет ұйымдастырылып жатқан универсиадаға қатысушылар 17 спорт түрінен өзара бәсекеге түседі. Спорттық сайыстар алдында мандаттық комиссия тұрақты жұмысын жүргізеді. Әр ойынның ашылу салтанаты өтіп, сайыс түрлері аяқталысымен, ақпараттық ашықтық мақсатында БАҚ өкілдері үшін арнайы брифинг ұйымдастырылады.


Ал, ХІІ жазғы универсиаданың салтанатты ашылу іс-шарасы 5 маусым күні «Маңғыстау-арена» спорт кешенінде өтеді. Ауқымды спорт додасының ашылу шарасына 20 мыңнан астам студент жиналмақ.


Бұл жолғы универсиаданың басты ерекшелігі - сан алуан спорт түрлерінен сайыстар бір өңір аумағында ғана өтеді.


«ХІІ жазғы универсиада ойындарында бірінші орын алған спортшылар 28 шілде мен 8 тамыз аралығында Қытайдың Чэнду қаласына өтетін дүниежүзілік универсиадаға жолдама алады. Чэнду қаласына баратындар үстел теннисі, дзюдо, жүзу, таеквондо және жеңіл атлетика сынды спорт түрлері бойынша іріктеледі», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Спорттық іс-шаралар, статистика және талдау басқармасының басшысы Мира Мұхамадиева.


Теннисшілер тартысты ойындарымен универсиада жарысын бірінші бастады. Сайысқа 16 ерлер командасынан 48 спортшы, әйелдер арасында 15 командадан 45 спортшы қатысып жатыр. Үстел теннисінің қорытындысы 29 маусымда белгілі болады.