Қытайдағы жазғы универсиаданың медальдар кестесі жарияланды

1 424

Қытайда өткен ХХХІ Жазғы универсиадада медальдар кестесінің қорытынды нәтижесі шықты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қазақстан құрамасы дүбірлі додада барлығы 20 медаль алып, 20-орынға тұрақтады. Ел құрамасының еншісінде 2 алтын, 7 күміс, 11 қола медаль бар.


Медальдар кестесінде 1-орын алған Қытай спортшылары 178 медальға (103 алтын, 40 күміс және 35 қола) ие болды. Одан кейінгі орындардағы Жапония - 93 (21-29-43), Оңтүстік Корея - 58 (17-18-23) медаль алды.


Ел құрамасынан гимнаст Милад Карими мен таеквондошы Рита Бакишева чемпион атанды. Сондай-ақ, Милад Карими тағы бір сайыста «күміс» алса, дәл осындай жүлде оның әріптесі Нариман Курбанов, садақшы Диана Тұрсынбек, гимнастшы Эльжана Таниева (екі мәрте), винтовкадан 50 метр қашықтықта оқ атудан ерлер құрамасы (Константин Малиновский, Ислам Сәтпаев, Никита Шахторин) және жеке атуда Никита Чирюкинге бұйырды.


«Қола» жүлдегерлер қатарында гимнасшы Милад Карими мен Эльжана Таниева, таэквондодан ерлер құрамасы (Абдурахмон Марипов, Бейбарыс Қаблан, Бексұлтан Мұсахан және Шамсат Дүйсенов), 10 метрге винтовкадан оқу атудан ерлер құрамасы (Малиновский, Сәтпаев, Шахторин), қылышпен семсерлесуден (Жанат Набиев, Назарбай Саттархан және Артем Саркисян), дзюдошылар Бекарыс Сәдуақас, Сұңғат Жұбатқан және Асқар Наркұлов, суға жүзуші Әділбек Мусин, ушу спортынан Бексұлтан Қаскенов және Айгерім Төреханова бар.


Айта кетсек, Қазақстан құрамасы Жазғы универсиада ойындарына 1993 жылдан бері қатысып келеді. Қазірге дейін барлығы 133 медальға ие болды. Оның ішінде 24-і - алтын, 50-і - күміс, 59-ы - қола.


Жазғы универсиада ойындарында қазақстандықтар алған медальдар:

1993. Буффало (АҚШ) - 1 (0-1-0)

1995. Фукуока (Жапония) - 2 (0-2-0)

1997. Сицилия (Италия) - 0 (0-0-0)

1999. Пальма-де-Мальорка (Испания) - 0 (0-0-0)

2001. Бейжің (Қытай) - 3 (0-3-0)

2003. Тэгу (Оңтүстік Корея) - 6 (2-4-0)

2005. Измир (Түркия) - 9 (1-2-6)

2007. Бангкок (Таиланд) - 16 (5-4-7)

2009. Белград (Сербия) - 7 (1-2-4)

2011. Шэньчжэнь (Қытай) - 6 (0-3-3)

2013. Казань (Ресей) - 30 (3-11-16)

2015. Кванджу (Оңтүстік Корея) - 10 (6-0-4)

2017. Тайбэй (Қытай Республикасы) -16 (3-6-7)

2019. Неаполь (Италия) - 7 (1-5-1)

2023. Чэнду (Қытай) - 20 (2-7-11)


Енді 2025 жылғы Жазғы универсиада Рейн-Рур аймағында өткізіледі.