Волейболдан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жеңіске жетті

1 410

Таиландта өтіп жатқан волейболдан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші мәрте жеңіс тұғырына шықты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Құрлықтық дода биыл 22 мәрте жалауын көтерді.


Қазақстандық волейболшылар D тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары – Гонконг, Филиппин және Қытай.


D тобындағы 2-турда Қазақстан құрамасы Гонконгты 3:0 (25:16, 25:23, 25:17) есебімен сенімді түрде жеңді.


Кеше біздің волейболшылар Филиппинмен ойнап, тай-брейкте 3:2 (25:21, 17:25, 24:26, 27:25, 15:6) есебімен басым түскен еді. Енді олар ертең, 1 қыркүйекте Қытаймен шеберлік байқасады. Екі ойыннан кейін Қытай 6, Қазақстан 5 ұпай жинап тұр.


Азия чемпионатында барлығы 14 құрама бақ сынап жатыр. Олардың арасынан үздік шыққан 3 құрама 2025 жылғы әлем чемпионатына берілетін жолдамаға қол жеткізеді. Жеңімпаз бен жүлдегерлер 6 қыркүйекте анықталады.


Айта кетсек, қазақстандық волейболшылар Азия чемпионатына 12 мәрте қатысып отыр. Әзірге ең үздік жетістігі – 2005 жылы алған күміс медаль.


Ал әлем чемпионатында 2006, 2010, 2014, 2018, 2022 жылдары бақ сынады. Қазірге дейін 2014 жылғы 15-орыннан жоғары нәтижеге қол жеткізе алған жоқ.