Токио Олимпиадасына баратын Қазақстан құрамасының формасы таныстырылды

247
Еліміздің Ұлттық Олимпиада комитеті Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының формасын таныстырды. Спортшылар Олимпиада ойындарына қазақстандық және шетелдік мамандар арнайы дайындаған киімімен аттанады.

Олимпиаданың ашылу кезінде киетін салтанатты форманың дизайнері - "Salta" брендімен танымал Салтанат Баймұхамедова. Ал спортшыларға арналған спорттық форманы испаниялық Joma компаниясы жасаған. 


Токиоға арналған жиынтықты дайындауда спортшыларға дизайнын, матасын таңдауға ерік берілген. Осы жылдың қаңтар айынан бастап еліміздің жетекші спортшылары олимпиадалық киімді таңдауға арналған сауалнамалар, презентациялар мен кездесулерге қатысты. 
"Бүгінде біздің міндетіміз – оларға барлық жағынан, соның ішінде олимпиадалық киім сияқты мәселелерде барынша қолайлы жағдай жасау. Сондықтан 35 спортшыдан тұратын комиссия форманы таңдау құқығын алды және олар спортшылар үшін не ыңғайлы болатынын анықтады", – дейді Ұлттық Олимпиадалық комитет. 


Олимпиадалық киім формасы кэжуал форматында. 


Олимпиада формасының дизайнері Салтанат Баймұхамедованың айтуынша, киімдер ыңғайлы. 


"Қазіргі заманда маталарды жасау технологиясы дамыды, олардан жасалған заттар гипоаллергенді және жақсы көрінеді. Спортшылар дәл мен ұсынған киім формасын таңдағанына қуаныштымын. Олимпиадашылардың таңдауы мені шабыттандырады. 
Олар Олимпиада аяқталғаннан кейін де бұл форманы кигілері келетінін айтты. Мен біздің спортшылардың Токиода прогрессивті және заманауи болып көрінгенін қаладым. Әлемдік трендтер мен спортшының қалауын ұштастыра отырып "спорт-шик" форматын ұсындым", – дейді Салтанат Баймұхамедова.