Бүгін Астанаға футболдан ұлттық құрама келеді

2 502

Сағат 12:30-да Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында еліміздің бас командасын қарсы алу рәсімі болады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бүгін сағат 12:30-да Астанаға Словенияның Любляна қаласынан футболдан еліміздің ұлттық құрама командасы ұшып келеді. Қазақстан құрамасын салтанатты жағдайда қарсы алу рәсімі Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында болады, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.


Футболшыларды күтіп алу рәсіміне Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев пен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысады, – делінген хабарламада.


Бүгін Қазақстан ұлттық құрама командасы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Словения командасымен ойнап, 1:2 есебімен жеңілген болатын. Енді ұлттық құрамаға Еуро-2024 додасына жолдама алуға тағы бір мүмкіндік беріледі.


Келесі жылы наурыз айында Қазақстан командасы «Төрттік турнирінде» сырт алаңда Грекия жасағымен ойнайды. Екінші жартылай финалда Грузия мен Люксембург кездеседі. Осы матчтарда жеңген командалар бір-бірімен финалда кездесіп, ойынды жеңген команда Еуропа чемпионатына жолдама алады. Егер Қазақстан құрамасы Грекия командасын жеңсе, онда өз алаңында Грузия-Люксембург матчында жеңген жасақпен кездеседі. Бұл мүмкіндік еліміздің бас командасына 2022/2023 жылдардағы маусымда Ұлттар лигасындағы С тобында бірінші орын алғаны үшін беріліп отыр.