Қазақстандық велоспортшы Аустралияда өткен турнирде екі алтын медаль жеңіп алды

2 507

Фото: gov.kzЕлордалық спортшы Дастан Ордабай Аустралияның Балларат қаласында өткен Virtus Oceania Road Cycling World Series велоспорт чемпионатында жеңіске жетті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды. World Cycling Series турниріне пара-атлеттер қатысатын Para-cycling чемпионаты кіреді. Биыл бұл жарысқа 62 спортшы сынға түсті. Аталмыш турнирде Қазақстан намысын елордалық Дастан Ордабай қорғады. Ол – "Зияткерлік даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясы" РҚБ пара-спортшысы. Дастан II-3 санатында (зияткерлік бұзушылықтар) 18,8 км қашықтықтағы жеке уақыт жарысында (Time trial) және 5,5 км қашықтықтағы критериумда (Criterium) бақ сынады. 

"Дастан Ордабай бұл сында екі алтын медаль жеңіп алды. Ол аутизм спектрі бұзылған алғашқы азиялық спортшы атанып, Қазақстан тарихында атын қалдырды", – деді федерация президенті Дина Темірғалиева. 

Дастан Ордабай өткен жылы маусым айында Францияның Вичи қаласында өткен зияткерлік даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған VI Дүниежүзілік VIRTUS ойындарына қатысып, іріктеуден өткен еді. Кейін оған "Велоспорттан спорт шеберіне кандидат" атағы берілді.