Елордада көркем гимнастикадан «ALEM CUP» халықаралық турнирі өтеді

2 600

Фото: Спортты дамыту дирекциясыЕлорда төріндегі «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде 22-25 наурыз аралығында көркем гимнастикадан «ALEM CUP» халықаралық турнирі өтеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Аталмыш додаға 2008 ж.т. және одан үлкен, 2009-2010 ж. т. және одан кіші санаттағы спортшылар қатысады. Сондай-ақ қатысушылар топтық жаттығуларда да бақтарын сынайды. 


Жарыс Халықаралық гимнастика федерациясының (FIG) көркем гимнастика бойынша 2022-2024 жж. қолданыстағы ережелеріне сәйкес өткізіледі.


Айта кетейік, бұл жарыс әлемдік Федерация лицензиясы бар гимнасттар келетін көркем гимнастика бойынша лицензияланған турнир болмақ. 


«Астана төрінде өтетін көркем гимнастика әлемінде көптен күткен іс-шара. Көркем гимнастикадан лицензияланған турнирге Египет, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Қазақстан, Беларусь елдерінің ұлттық құрамаларынан әлемдік федерацияның лицензиясы бар спортшылар келеді. Басты мақсат – елдер арасындағы ең үздік гимнасттарды анықтау. Оған қоса елордада өтетін «ALEM CUP» халықаралық турнирі әлемдік күнтізбелік жоспарға енгізілді. Біздің Қазақстан соның ішінде астаналық аруларымыз өздерін жақсы қырынан көрсетеді деп ойлаймын», - деді әлем халықаралық көркем гимнастика Академиясының басшысы Әсем Бақытжанқызы.


Айта кетейік, байрақты бәсеке Астана қаласы әкімдігінің, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің және Қазақстандық гимнастика федерациясының қолдауымен өтеді.