Әли Әлиев – футболдан Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы қызметіне тағайындалды
Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің міндетін уақытша атқарушы болып отандық маман Әли Әлиев тағайындалды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Әли Ханалиұлы футболшы мансабында "ЦСКА-Қайрат", "Қайрат", "Ертіс", "Тобыл", "Шығыс", "Ордабасы" және "Қызылжар" клубтарында ойнады. Сондай-ақ Түркияның "Акчаабат Себатспор", "Кайсери Эрджиеспор", "Карталспор" және "Диарбакырспор" командаларында өнер көрсеткен.
Бапкерлік мансабын 2014 жылы "Ордабасы" сапында ойыншы әрі бапкер ретінде бастады. 2018 жылы футболшы мансабын аяқтаған соң Петропавлдың "Қызылжар" клубының тізгінін ұстап, Премьер-лигаға шығарды.
2021 жылы Әлиев Қарағандының "Шахтер" клубында бас бапкер болып жұмыс істеп, кейін "Астана" ФК жастар командасын басқарды.
2022 жылы "Жеңіс" командасын жаттықтырып, содан кейін қайтадан "Қызылжарға" оралды. Әли Әлиев 2022/2023 жылғы футбол маусымында “Қызылжарды” ішкі біріншілікте бесінші орынға шығарды. Сол жылы клуб тұңғыш рет Конференция лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетуге жолдама алды. Еурокубоктық жарыста алғашқы кезеңде хорватиялық “Осиек” футбол клубын екі ойын нәтижесі бойынша жеңіп, келесі кезеңге өткен еді. Алайда екінші раунда кипрлік “АПОЭЛ” клубынан жеңіліс тапты.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы алдағы уақытта 2026 жылы өтетін әлем чемпионатына іріктеу ойындарын өткізеді. Біздің құрама Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтейнштейн командаларымен бір топқа түсті.