Қызылордада ауыл спортшыларының XXXVIII облыстық спартакиадасы басталды

2 299

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіБүгін Қызылорда қаласында ауыл спортшылары арасындағы дәстүрлі «Алтын күз – 2025» атты XXXVIII облыстық спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бір аптаға жалғасатын айтулы спорттық іс-шараға өңірдің барлық аудан-қалаларынан келген 1000-ға жуық спортшы қатысуда. Олар 16 спорт түрінен өзара бақ сынамақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Ашылу салтанатына Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы, ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Нұрлыбай Ұлықпанұлы және өзге де сала мамандары қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары қатысушыларды құттықтап, жарыстың мән-маңызына ерекше тоқталды:

– Биыл дәстүрлі «Алтын күз» спартакиадасының ұйымдастырылып келе жатқанына 38 жыл толып отыр. Бұл – ауыл спортын дамытудың жарқын үлгісі. Аталған дода алғаш рет Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде өткен болатын. Содан бері жарыс ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, үлкен ареналарға жолдама алатын нағыз шеберлерді дайындау алаңына айналды. Қазіргі таңда «Алтын күз» ауылдық жердегі бұқаралық спортты дамытудың негізгі платформасы болып отыр. Бұл – жастардың салауатты өмір салтын ұстануға, жігері мен қайратын шыңдауға берілген мүмкіндік, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Өз кезегінде еңбек ардагері Нұрлыбай Ұлықпанұлы ауыл спортшыларына жүрекжарды тілегін арнап, ақ батасын берді. Ол өзінің сөзінде ауыл жастарының қай кезде де мықтылығымен, табандылығымен көзге түскенін ерекше атап өтті.

Салтанатты ашылу рәсімі спорттық және мәдени бағдарламалармен жалғасты. Жас спортшылар таеквондо және көркем гимнастикадан арнайы қойылым ұсынып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Шара соңында талантты өнерпаздардың қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«Алтын күз» спартакиадасы – Қызылорда облысындағы ауылдық елді мекен спортшылары арасында өтетін ең ауқымды спорттық жарыс. Жыл сайынғы дәстүрлі додада қатысушылар қазақ күресі, футбол, волейбол, арқан тарту, үстел теннисі сынды спорт түрлері бойынша өзара сынға түседі. Бұл жарыс ауыл спортын дамыту, дарынды жастарды анықтап, оларды кәсіби спортқа баулу мақсатында ұйымдастырылады.