Олимпиада чемпионы атанған балуандарға жаңа сыйақы бекітілді
Қазақстан күрес федерациясы балуандар мен олардың бапкерлерін ынталандыруға бағытталған жаңа бастаманы бекітті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Енді Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттары, Азия ойындары және Азия чемпионаттары секілді ірі халықаралық жарыстарда жүлде алған спортшыларға, бас бапкерлерге және жеке жаттықтырушыларға федерация тарапынан арнайы ақшалай сыйақы төленеді. Федерация бекіткен жаңа регламентке сәйкес, сыйақы төрт негізгі халықаралық жарыстағы нәтижелер үшін қарастырылған. Атап айтқанда, Олимпиада ойындары, ересектер арасындағы әлем чемпионаты, Азия ойындары және ересектер арасындағы Азия чемпионатында жүлде алған балуандар мен олардың бапкерлері ақшалай марапатқа ие болады. Барлық төлем АҚШ долларымен жүргізіледі.
Олимпиада чемпионы атанған балуанға 150 мың доллар, бас бапкерге 15 мың доллар, ал жеке жаттықтырушысына 30 мың доллар төленеді. Күміс жүлдегерге 100 мың доллар, бас бапкерге 10 мың доллар, жеке бапкерге 20 мың доллар қарастырылған. Қола медаль иегері 50 мың доллар алса, бас бапкерге 5 мың доллар, жеке жаттықтырушыға 10 мың доллар беріледі.
Ересектер арасындағы әлем чемпионаты мен Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алған спортшыға 100 мың доллар төленеді. Бас бапкерге 10 мың доллар, жеке жаттықтырушыға 20 мың доллар беріледі. Күміс жүлдегерге 50 мың доллар, бас бапкерге 5 мың доллар, жеке бапкерге 10 мың доллар сыйақы қарастырылған. Қола медаль үшін спортшыға 25 мың доллар, бас бапкерге 2,5 мың доллар, жеке жаттықтырушыға 5 мың доллар төленеді.
Ересектер арасындағы Азия чемпионатында топ жарған балуанға 30 мың доллар беріледі. Бас бапкер 3 мың доллар, жеке жаттықтырушы 6 мың доллар алады. Күміс медаль үшін спортшыға 20 мың доллар, бас бапкерге 2 мың доллар, жеке бапкерге 4 мың доллар төленеді. Қола жүлде иегеріне 10 мың доллар, бас бапкерге 1 мың доллар, жеке жаттықтырушыға 2 мың доллар көлемінде сыйақы қарастырылған. Бұл федерация тарапынан берілетін қосымша сыйақы болып саналады. Олимпиада ойындарында жүлде алған қазақстандық спортшыларға мемлекет тарапынан да бір реттік ақшалай төлем беріледі.
Бұдан бөлек, Олимпиада жүлдегерлеріне мемлекет тарапынан пәтер беріледі және спорт саласында 20 жылдық еңбек өтілі болған жағдайда өмір бойғы ай сайынғы материалдық қамтамасыз ету құқығы қарастырылған.







