Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы елордада Лихтенштейнмен ойнайды

2 280

Фото: ҚФФБаспасөз мәслихатында Лихтенштейн командасының бас бапкері Конрад Фюнфштюк ойын алдындағы жоспарын айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

– Бізді жылы қарсы алғандарыңызға алғыс айтамыз! Қазақстан – қонақжай ел. Әрине, мұндай ұзақ ұшу біз үшін үйреншікті емес, бірақ команда бұл сынақтан жақсы өтеді деп ойлаймын, – деді ол. 

Сондай-ақ, бапкер құрамасында небәрі 5 кәсіби ойыншы бар екенін жасырмады. 

– Қазақстан мен Лихтенштейнді салыстыру дұрыс емес. Біздің елде небәрі 30 мың адам тұрады. Командада бар болғаны 5 кәсіби ойыншы бар, ал қалғандары басқа салада жұмыс істейді. Олар мұнда келу үшін тіпті жұмыстан демалыс алады. Бірақ соған қарамастан, біз бар күшімізді саламыз, – деді бас бапкер. 

Фюнфштюк өз сөзінде Қазақстанды "футбол елі" деп атап, бірақ тең ойын үшін тартысатынын ескертті. 

– Қазақстан – үлкен футбол елі. Мұнда кәсіби, жоғары деңгейлі ойыншылар бар. Біз бұған дейін Бельгия, Солтүстік Македония және Уэльспен жақсы ойындар өткіздік. Сондықтан мүмкіндігіміз шектеулі болса да, өз ойынымызды көрсетуге тырысамыз. Қазақстан үйде ойнайды, олар – фаворит. Ал біз үшін басты мақсат – берілмеу және өзімізге сену, – деді Лихтенштейннің бас бапкері.

Еске салайық, бүгін кешкі 19:00-де "Астана Арена" стадионында Қазақстан құрамасы Лихтенштейнмен ойнайды.