Қорқыт Ата университетінің ректоры әлем чемпионын арнайы қабылдады
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Каримова грек-рим күресінен Әлем чемпионы атанған университет түлегі Айдос Сұлтанғалиді қабылдады деп,- хабарлайды "Opennews.kz" ақпараттық агенттігі.
Айдос Сұлтанғали 2014–2018 жылдары аралығында Қорқыт Ата университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алған. Оның студенттік шағындағы жетістіктері, табандылығы мен еңбекқорлығы өзгелерге үлгі бола білді.
Кездесу барысында ректор Бейбіткүл Каримова чемпионды тарихи жеңісімен құттықтап, университеттің ең жоғарғы марапаты «Қорқыт Ата атындағы Алтын медальді» табыстады.
Айта кетейік, жуырда Хорватияның Загреб қаласында өткен Әлем чемпионатында Айдос Сұлтанғали 60 келіге дейінгі салмақта қарсыластарын оқ бойы озып, жеңімпаз атанды. Бұл – Қазақстан спортшылары үшін грек-рим күресінен 1999 жылдан кейінгі алғашқы алтын медаль.
Айдос Сұлтанғали бұған дейін 2018 және 2022 жылдары Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын. Ал биылғы жеңіс – оның ерік жігері мен ерен еңбегінің жемісі.







