Геннадий Головкин кәсіби рингтегі соңғы кездесуін ел ішінде өткізбек
Қазақстанның атақты боксшысы, 43 жастағы Геннадий Головкин кәсіби мансабындағы соңғы кездесуін өз елінде өткізгісі келетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Азия әуесқой бокс федерациясының (Asia Boxing) президентінің міндетін атқарушы Пичай Чунхаваджирамен кездесуде айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Еске салсақ, Геннадий Головкин соңғы рет 2022 жылы мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіліс тапқан еді. Сол уақыттан бері ол кәсіби рингке шыққан жоқ.
Қазіргі таңда Головкин Халықаралық World Boxing федерациясының президенті лауазымына кандидат ретінде ұсынылып отыр. Сонымен қатар, ол World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясының төрағасы және Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті қызметін атқарып, әлемдік бокс қауымдастығында маңызды рөл атқарып келеді.
Геннадий Головкин – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2004 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері, 2003 жылғы әлем чемпионы. Кәсіби рингте ол IBF (2015–2018, 2019–2023), IBO (2011–2018, 2019–2023) және WBA (2010–2018, 2022–2023) нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанған. Сонымен қатар, Головкин қатарынан 23 қарсыласын нокаутқа түсіріп, орта салмақтағы ең жоғары нокаут пайызы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген.







