Қазақ футболында алғашқы гол

2 531

Фото: Stan.kz collageАлматылық “Қайрат” Чемпиондар лигасының 5-турында сырт алаңда “Копенгагенге” 3:2 есебімен есе жіберді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Кездесу өте тартысты өтті. Алғашқы таймда қос команда бір-бірінің осал тұсын таба алмай, сергелдеңге түсті. Дегенмен 26-минутта Дадасон алматылық клуб қақпасынан саңылау тауып, есепті ашты. “Қайрат” ойыншылары бірнеше шабуыл ұйымдастырғанымен, қарсыластың қорғанысын бұза алмады.

Екінші таймда Қасаболаттың тәртіп бұзуы нәтижесінде төреші пенальти белгіледі. 59-минутта Ларссон айып добын дәл орындап, есепті 2:0-ге жеткізді. 73-минутта Сильва тағы бір гол соғып, “Қайратты” тығырыққа тіреді.

Алайда алматылықтар намысқа тырысып, ойынның соңына қарай қарқындарын арттырды. Жас жұлдыз Дастан Сәтпаев қарсылас қақпасына гол соғып, есепті қысқартты. Артынша алаңға қосалқы құрамнан шыққан Олжас Байбек те дәлдік танытып, таблодағы көрсеткішті 3:2-ге жеткізді. Соңғы минуттарда “Қайрат” есепті теңестіруге тырысқанымен, нәтижені өзгерте алмады.

Осылайша алматылық клуб сырт алаңда “Копенгагенге” 3:2 есебімен ұтылды.

Дастан Сәтпаев – Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас футболшылардың қатарында

Матч барысында ерекше көзге түскен Дастан Сәтпаев тарихи нәтижеге қол жеткізді. Ол Чемпиондар лигасында гол соққан тұңғыш қазақ футболшысы атанып қана қоймай, турнир тарихындағы гол соққан ең жас үш ойыншының бірі болды.

Жас рекорд иелерінің тізімі:

  • 17 жас 40 күн – Ансу Фати
  • 17 жас 68 күн – Ламин Ямаль
  • 17 жас 106 күн – Дастан Сәтпаев
  • 17 жас 113 күн – Виктор Дадасон
  • 17 жас 119 күн – Джордж Иленикена
  • 17 жас 149 күн – Антонио Нуса

Сонымен бірге, Олжас Байбек те қарсылас қақпасын дәл көздеп, Чемпиондар лигасында гол соққан екінші қазақ футболшысы атанды.

Енді “Қайрат” 9 желтоқсан күні Астана қаласында грекиялық “Олимпиакосқа” қарсы маңызды матч өткізеді.