Допинг дауы: Жәнібек Әлімханұлының жағдайына қатысты ресми мәлімдеме жасалды
Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы Жәнібек Әлімханұлына қатысты жағдай бойынша ресми мәлімдеме жасап, B сынамасының ашылуы мен талдануы істің тағдырына тікелей әсер ететін шешуші кезең екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Федерацияның хабарлауынша, бұл процесс спортшының мансабына ғана емес, іске қатысы бар барлық тараптардың әрекеттеріне құқықтық баға беруге негіз болады.
Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы халықаралық спорт құқығының негізгі қағидаттарын қатаң ұстанатынын атап өтті. Атап айтқанда, кінәсіздік презумпциясы, процестік адалдық және бекітілген регламенттердің сақталуы басты орында.
Сондай-ақ ведомство B сынамасының ашылуы мен талдануы халықаралық талаптарға толық сәйкес жүргізілуі тиіс екенін қадап айтты. Федерация спортшы мен оның өкілдері процестің барлық кезеңдері мен нәтижелеріне толық қол жеткізуі қажет екенін алға тартты.
Федерация Жәнібек Әлімханұлын қорғауды өз міндеті санайтынын жеткізді.
B сынамасы таза деп танылған жағдайда, федерация барлық айыптауларды ресми түрде алып тастауды және спортшының беделін жария түрде қалпына келтіруді талап ететінін де ашық айтты.
Ал егер заң бұзушылықтар дәлелді түрде анықталса, федерация тиісті шешімдер регламент аясында қабылданатынын атап өтті.
Мәлімдеме соңында ұйым бұл мәселеде эмоцияға емес, құқыққа сүйену керектігін қадап айтты.







