2026 - жылғы Олимпиада: Қазақстан жалпы есепте 19-шы орында
Қазақстан жалпыкомандалық есепте 19-орында: Спорт министрлігі 2026 жылғы Олимпиаданы қорытындылады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан ұлттық құрамасы қысқы Олимпиадаға 10 дисциплина бойынша 36 спортшымен (18 ер, 18 әйел) қатысқан. Атап айтқанда, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шорт-трек, фристайл-акробатика, фристайл-могул, шаңғымен тұғырдан секіру, тау шаңғысы, шаңғы жарысы, биатлон және шаңғы қоссайысы спорт түрлерінен сынға түскен. Қазақстандық спортшылар 49 медаль жиынтығы сарапқа салынған бәсекелерде бақ сынаған.
Биылғы Олимпиадада құраманың географиясы кеңейіп, кейінгі төрт олимпиадалық цикл ішіндегі ең жоғары көрсеткішке жеткен. Команда сапына еліміздің 11 өңірінен спортшылар енген: Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Ақмола, Шығыс Қазақстан, Алматы, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстарынан.
Отандық спорт үшін биылғы Олимпиаданың ең ірі жетістігі 13 - ші ақпанда тіркелген. Сол күні Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанған. Қазақстанның қысқы Олимпиадада 32 жылдан кейін алғаш рет жеңіп алған алтын медалі әрі мәнерлеп сырғанаудан ел тарихында алғаш рет Олимпиада чемпионы шыққан сәт. Бұл спорт түрінен Қазақстан қоржынында 2014 жылғы қысқы Олимпиадада Денис Тен салған қола жүлде ғана бар еді. Шайдоровтың жеңісіне дейін Қазақстан алғаш рет қысқы Олимпиададағы алтын медалін 1994 жылы жеңіп алған еді.
Биылғы қысқы Олимпиадада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 94 елдің ішінде 19-орынға тұрақтаған.
"Отандастарымыз қысқы спорт түрлерінде дәстүрлі түрде жүлде алып, үздіктер қатарында жүретін Финляндия мен Бельгия құрамаларын артта қалдырған.
Олимпиада барысында отандық спортшылар бірқатар тәуір нәтижелерге қол жеткізген. Мәнерлеп сырғанаудан 19 жастағы Софья Самоделкина Олимпиададағы дебютінде 207,46 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартып, 10-орын иеленген.
Сондай-ақ конькимен жүгіруден Надежда Морозова 3000 метр қашықтықта 6-орын, 5000 метрде 10-орын алып, 1998 жылдан бергі отандық конькишілердің ең үздік көрсеткішін тіркеген. Елизавета Голубева 1500 метрде 7-нәтиже көрсетіп, 3000 метрде үздік ондыққа енген. Сонымен қатар әйелдер құрамасы командалық жарыста Олимпиаданың ең үздік сегіз командасының қатарына қосылған.







