Таеквондошы Тоғжан Қазынабек Болгарияда чемпион атанды
Астаналық таеквондошы Тоғжан Қазынабек Болгария төрінде топ жарды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kazinform ақпараттық сайтынан сілтеме жасап.
Болгария астанасы София қаласында таеквондодан (WT) Bulgaria Open-2026 халықаралық турнирі аяқталған. Айтулы додада ел намысын қорғаған елордалық Тоғжан Қазынабек қарсылас шақ келтірмеген. Жаңа маусымдағы алғашқы халықаралық жарысын дәл осы беделді додадан бастаған Қазақстан құрамасы жоғары деңгейде өнер көрсетті. G-2 санатындағы турнирге ересектер арасында 56 елден 645 спортшы қатысып, әлемдік рейтингтік ұпайлар сарапқа салынған.
Астана қаласының спортшысы Тоғжан Қазынабек 57 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанып, алтын медаль жеңіп алған. Ол турнир барысында 6 жекпе-жек өткізіп, барлығында айқын басымдықпен жеңіске жеткен. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтаған. Ресей құрамасы бірінші орынды иеленсе, Иордания құрамасы үздік үштікті түйіндеген. Бұдан бұрын Қазақстан таеквондодан БАӘ-де өтіп жатқан турнирде 3 медаль алғаны белгілі болды.







