Сәтбаев Қазақстандағы ең қымбат футболшы атанды

2 505

Фото: ©ҚФФ TeamҚазақстан құрамасы мен "Қайраттың" 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтбаевтың трансферлік бағасы тағы да қымбаттады.- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі arasha.kz сайтына сілтеме жасап.

Футболшының нарықтық құны 3,5 миллион еуроға жетіп, Қазақстан Премьер-лигасындағы ең қымбат ойыншы мәртебесін сақтап қалған. Transfermarkt порталы Қазақстан чемпионатында өнер көрсететін футболшылардың трансферлік құнын жаңартты. Жаңа бағалауға сәйкес, Қазақстан құрамасы мен "Қайрат" клубының шабуылшысы Дастан Сәтбаевтың құны 500 мың еуроға өсіп, 3,5 миллион еуроны (шамамен 1 миллиард 941 миллион теңге) болды. Жасына қарамастан, Сәтбаев қазақстандық футболдағы бірқатар жетістікке қол жеткізді. Ол "Қайрат" сапында 2025 жылы Қазақстан чемпионы атанып, Суперкубокты жеңіп алған. Сонымен қатар Forbes-тің "30 жасқа дейінгі 30 көшбасшы" тізіміне енді және "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанған. Футболшының ең ірі жетістіктерінің бірі – Лондонның "Челси" клубына 4,3 миллион еуроға (шамамен 2 миллиард 385 миллион теңге) ауысуы болды. Бұл Қазақстан футболы тарихындағы ең қымбат трансфер саналады. Сәтбаев сондай-ақ "Қайрат" пен Қазақстан құрамасы тарихындағы ең жас дебютант және ең жас гол авторы атанған. Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас үш футболшының қатарына еніп, турнирдің негізгі кезеңінде гол соққан алғашқы қазақстандық ретінде тарихқа жазылды. 17 -ші маусымда ол Қазақстан Премьер-лигасындағы қоштасу матчын өткізді. "Қызылжарға" қарсы кейінге шегерілген ойында "Қайрат" 3:0 есебімен жеңіске жеткен, Сәтбаев екі гол соғып, жанкүйерлерімен әсерлі қоштасты. Маусым айының соңында жас шабуылшы "Челси" клубының орналасқан жеріне аттанбақ.