"Қайсар" футбол клубы жеке меншікке ауысты
«Қайсар» футбол клубы 30 қазаннан бастап ресми түрде «TAU Group LTD» компаниясының басшысы Исламғали Қозбақовтың жеке басқаруына берілді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы клубты дамытуға бағытталған нақты шаралар қабылданғанын атап өтті. Атап айтқанда, академия мен инфрақұрылымды жетілдіруге 12 млрд теңге көлемінде инвестиция салу жоспарланған. Бұл қадам биылғы Жолдауда Президенттің футбол клубтарын жекешелендіруді жеделдету тапсырмасымен байланысты.
Айта кетейік, «Қайсар» елімізде алғашқылардың бірі болып жаңа маусымды жергілікті ойыншылар құрамымен бастаған еді. Биыл клуб 22 ұпай жинап, Премьер-лига кестесінде 11 орынға тұрақтап, өзінің орнын сақтап қалды. Жеке басқаруға өту клубтың дамуына серпін беріп, ұлттық футбол аренасында жаңа белестерге жетуге мүмкіндік береді.







