Өзбек елінде атақты дзюдошыны өлтіріп кетті

579
Ташкентте атақты дзюдошы Камолиддин Расуловты өлтіріп кетті деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 
 
Басылымның жазуынша, 29 жастағы дзюдошы Ташкенттің Үштепі ауданында жанжал барысында ажал құшқан. Бұл ақпаратты агенттікке Өзбекстан дзюдо федерациясы растаған. Бас прокуратураның мәліметінше, оқиға спортшы мен оның 30 жастағы танысы арасында болған. Тергеу барысында анықталғандай, ер адам Расуловқа ас үй пышағымен денесінің әр жерінен соққы жасап, салдарынан дзюдошы жан тапсырған. Жастар арасындағы келіспеушіліктер дзюдошының бұған дейін танысына дәрумендер сатқанына байланысты туындаған. Танысы дәрумендерді қолданғаннан кейін денсаулығы нашарлап, салдарынан Расуловпен сөзге келген деп түсіндірді қадағалаушы орган. Казіргі таңда күдікті ұсталған. Оған қатысты 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруын көздейтін "қасақана кісі өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

Айта кетейік, марқұм Камолиддин Расулов 2012 жылы жасөспірімдер арасында самбодан әлем чемпионы, 2019 жылы Ташкентте дзюдодан Гран-придің күміс жүлдегері атанған болатын. Сонымен қатар ұсталған күдіктіде спортшы. Ол - дзюдодан және ұлттық спорт түрі - күрестен Өзбекстан чемпионы.