Олимпиададан медальсіз оралса да, спортшыларға бюджеттен миллиондар берілмек
303
Қытайда өткен қысқы олимпиадада елімізден қатысқан 34 спортшының ешқайсысы медаль ала алмады.Соған қарамастан бюджеттен оларға 60 миллион теңге беріледі,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Олимпиадаға қатысқан спортшыларымыз бен жаттықтырушыларына республикалық бюджеттен 140 мың доллар төленеді. Бұл 60 миллион теңге. Vesti.kz сайтының мәліметінше, жазғы және қысқы Олимпиада жүлдегерлеріне төлемдер Қазақстан Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1435 қаулысымен реттеледі. Спортшы алтын алса 250 мың доллар, күміс үшін 150 мың, қолаға 75 мың доллар алады. Сондай-ақ төртінші, бесінші және алтыншы орындарға ие болған қазақстандықтарға тиісінше 30, 10 және бес мың доллардан сыйақы беріледі.
Осылайша, олимпиадада шорт-трекші Абзал Әжіғалиев 500 метр қашықтықта 4-ші орын алса, командалық эстафетада Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Ольга Тихонова және Яна Ханмен бірлесе бесінші орынды иеленді. Нәтижесінде ту ұстаушы Абзал мемлекеттік бюджеттен 40 000 доллар (17,1 миллион теңге), ал қалған шорт-трекшілер 10 000 доллардан (4,1 миллион теңге) алады.
Жалпы Бейжіңдегі қысқы ойындарда қазақстандық 34 спортшы 87 лицензия бойынша өнер көрсетті.