«Элиталық сағаттар, алтын кесектері, 11 қымбат автокөлік»: ҰҚК Кәрім Мәсімовтің үйінен табылған заттарды көрсетті (ФОТО)

191

Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу барысында Мәсімовтің іс-әрекетінде көптеген сыбайлас жемқорлық белгісі барын анықтады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Мәсімовтің ісін зерттеу кезінде отандық бизнес қауымдастықтары мен шетелдік субъект өкілдерінен жылжымайтын мүлік, қымбат сыйлықтар, соның ішінде мәдени құндылықтар, елеулі мөлшерде ақшалай қаражат алу фактілері құжатталды»,- деп жазылған хабарламада.

Атап айтқанда, жабық келісімшарттардың бірі бойынша шетелдік мемлекет өкілдерінен Мәсімовтің ҰҚК Төрағасы лауазымында 2 млн АҚШ доллары сомасында пара алу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.

Осы қаражатты Гонконгтан Қазақстан Ұлттық банкіне қайтару қамтамасыз етілді.


Сонымен қатар, Мәсімовтің Премьер-Министр лауазымында болуы кезеңінде бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 млрд теңге элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.


2022 жылғы қаңтарда Мәсімовті ұстағаннан кейін осы тұрғын үйде 17,2 млн АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша, сондай-ақ көптеген құнды заттар – элиталық сағаттар, алтын кесектері, антиквариат және басқалары алынды.

Бұдан басқа, бизнес санаттағы 11 қымбат автомашина алынды.

Мүліктеріне қатысты Нұр-Сұлтан қаласындағы екі элиталық пәтер, Алматы қаласындағы 2 пәтер мен дербес сарай, сондай-ақ Щучье-Бурабай шипажайы аймағы көлінің жағасындағы аумағы 1 га жер теліміне тыйым салынды.

Мәсімовпен жақын байланыста болған азаматтардан 5,1 млн АҚШ доллары алынып, оған тыйым салынды.

Осымен бір мезгілде Мәсімов пен оның айналасындағылар шетел банктеріне заңсыз шығарған аса ірі мөлшердегі ақшалай қаражатты іздестіру, бұғаттау және Қазақстанға қайтару бойынша жұмыс ұйымдастырылды.

Барлық көрсетілген фактілер бойынша қарқынды жедел жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.