Ғалым қытайтанушы Клара Хафизованың кітабының тұсауы кесілді

377
Алматыда белгілі қытайтанушы ғалым Хафизова Клара Шайсұлтанқызының «XVIII–XIX ғасырлардағы дала билеушілері және олардың дипломатиясы» кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



Бұл іс-шара  Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының құрылғанына 30 жыл толуына арналған шаралар кешенін бастайды.

Монография Қазақ хандығы билеушілерінің үш ұрпағының екі ғасыр бойы қазақ мемлекеттілігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық бірлігін сақтау жолындағы қызметіне арналған. Монографияның авторы – белгілі қытайтанушы, тарих ғылымдарының докторы, халықаралық қатынастар тарихы, Қытайдың сыртқы саясаты, Орталық Азия және Қазақстан-Қытай қатынастары жөніндегі білікті маман Клара Шайсұлтанқызы Хафизова. Клара Шайсұлтанқызы бірнеше ірі монографиялар мен жинақтардың және де Қытайда, Ресейде, Ауғанстанда, Иранда, Англияда, Украинада, Жапонияда осы елдердің тілдерінде жарияланған көптеген мақалалардың авторы.

Іс-шара Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтың алғысөзімен басталды.

 
«Клара Шайсұлтанқызы аса қиын бағыт – қытайтану саласында еңбек етіп жүрген нағыз ғалымның қайсарлығының үлгісі. Клара Шайсұлтанқызының жанқиярлық қызметі жас зерттеуші-ғалымдарды Тәуелсіз Қазақстанның шығыстану және қытайтану ғылымдарының дамуына үлес қосуға шабыттандырады.
Қазақстанда қытайтану мектебі әлі қалыптасу сатысында, сондықтан Клара Шайсұлтанқызының еңбегі секілді әрбір монументалды туындының құны алтынмен бағаланады. Қытайтану – қажетті білім көлемін, құзыреттілік деңгейін, қытай тілін білуді және т.б. ескерілетін күрделі бағыт. Сондықтан бүгінгі таңда ҚСЗИ қытайтану бойынша зерттеулердің бастамашысы болып, осы бағыттың дамуына ықпал етуі маңызды. Себебі ерте ме, кеш пе жүйелі мектептің қалыптасары даусыз, – деді институт директоры.

Еске сала кетейік, тұңғыш қытайтанушы қазақ қызы Клара Хафизова «XVIII–XIX ғасырлардағы дала билеушілері және олардың дипломатиясы» кітабын жазумен 50 жылдан бері айналысып жүргенін айтқан болатын.

Бұл кітап менің жарты ғасырлық Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының тарихына арналған еңбегімнің жемісі. Егер бұрын бұл тақырыпты экономикалық және саяси мәселелер тұрғысынан қарастырсақ, бұл кітап өркениеттік көзқарасқа бағытталған. Қазіргі таңда әлем мұрағаттары ашылып жатыр, түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар, соған сәйкес адамдар саяхаттап, бірегей материалдар әкеледі. Өзім аударған көптеген түпнұсқа материалдар да бар. Зерттеу әдісім мынадай: алдымен материалдарды аударып, ашық жариялаймын, содан кейін солардың негізінде өз еңбектерімді жазамын. Сол арқылы біздің зерттеушілер жұмысқа сыни тұрғыдан қарауға мүмкіндік алады. Алайда бұл аудармаларды жасау өте қиын болды. Себебі олар көне қытай тілінде жазылған болатын, – дейді Клара Шайсұлтанқызы.


Шараға беделді ғалымдар – тарихшылар, шығыстанушылар, саясаттанушылар, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері мен корреспондент-мүшелері, белгілі қоғам және саясат қайраткерлері, дипломаттар, журналистер қатысты. Олардың қатарында Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы Тарихи материалдарды зерттеу жөніндегі республикалық ақпараттық орталықтың директоры, тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент мүшесі Меруерт Әбусейітова; Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Әбдіров; «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар; Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Қожа; Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Рашид Оразов және т.б. бар.