«Қазақстан туралы үздік роман» байқауына өтінім қабылдау аяқталды
«Қазақстан туралы үздік роман» әдеби байқауына өтінім қабылдау аяқталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл туралы байқауды ұйымдастырушылар хабарлады.
«Бүгін «Қазақстан туралы үздік роман» әдеби байқауға қатысушылардың шығармаларын қабылдау аяқталды. «Меценат.кз» әдеби сыйлығының екінші маусымына шығармаларды қабылдау қыркүйекте басталған болатын. Биыл байқауға шетелдегі қандастарымыздың да қатысуына мүмкіндік берілді. Орыс тілінде тек қазақстандық авторлар қатысты. Сонымен, «Қазақстан туралы үздік роман» әдеби байқауының екінші маусымына 103 адам тіркеліп, 58 роман жүктелді», - деп жазылған жоба авторлары таратқан мәліметте.
Айта кетейік, үздік деп танылған романның авторына өмір бойы ай сайын 500 АҚШ доллары көлемінде сыйақы төленеді.
«Біздің байқаудың жеңімпазы өмір бойғы ай сайын 500 доллардан сыйақы алып отыратынын естеріңізге саламыз. Жеңімпаз тек оқырманның дауыс беруімен анықталады», - делінген ресми мәліметте.
Әдеби байқаудың басты ұстанымдары мынандай:
- Мемлекеттік бюджеттен толық тәуелсіз болу;;
- Ашық және жасырын мүдделер қайшылығын тудыратын қазылардан бас тарту, оның орнына оқырман дауысы арқылы жеңімпазды анықтау;
«Mecenat.kz» жобасының мақсаты - қазақстандық көркем әдебиетті дамыту және кітап оқырмандарының ынтасын арттыру, жазушылардың кәсіби деңгейін көтеру және олардың шығармаларын әлемдік кітап нарығына шығару.
Еске салайық, «Меценат» әдеби сыйлығы былтыр бірінші рет ұйымдастырылған. Алғашқы маусымда белгілі журналист, жазушы Шархан Қазығұловтың «Күлпет» романы үздік деп танылған.
Жоба авторы Ерлан Асқарбековтің айтуынша, биыл «Меценат» сыйлығына сырттағы қазақ жазушыларын көбірек тартуға күш салынған.