Мәдениет үйлері көпфункционалды орталықтарға айналмақ
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов еліміздегі мәдениет үйлері көпфункционалды орталықтарға айналатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Бүгін еліміздің бірыңғай мәдени кеңістігін қалыптастыруға және театр, кино, музей, кітапхана, материалдық және материалдық емес мәдени мұра сынды мәдениеттің барлық бағыттарының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналған, алдағы 7 жылға жоспарланған ҚР Мәдени саясатының тұжырымдамасы туралы айтатын боламын. Инфрақұрылым дамиды. Мәселен, 2030 жылға дейін жаңадан 345 нысан салынып, жұмыс істеп тұрған 1420 мәдени нысан жөнделеді. Ал мәдениет үйлері көпфункционалды орталықтарға айналады, онда халықтың, әсіресе балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту үшін жағдай жасалады», - деп жазады министр Telegram парақшасында.
Оның атап өтуінше, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы барлық заманауи жабдықтармен толық техникалық қайта жарақтандырылады. Бұл киностудияға көптеген фильмді шығаруға және кино өндірісінің барлық кезеңдерінде (түсіру, монтаждау, дубляж, тираждау және т.б.) жеке отандық кинокомпанияларға жәрдемдесуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Қазақфильм» еліміздің аумағында түсірілім жұмыстарын жүргізу үшін ірі шетелдік компанияларды тарту бағытында жұмыс істейтін болады. «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі шетелдік киностудиялардың өкілдерін, сондай-ақ анимациялық кино саласындағы жетекші отандық және шетелдік мамандарды тарта отырып, шеберлік сабақтарын өткізе береді.
«Жыл сайын қазақ киносының алтын қорына кіретін кемінде 5 толықметражды фильм цифрландырылады және қалпына келтіріледі, отбасымен көруге арналған, рейтингі жоғары және дистрибуциясы кең кемінде 10 анимациялық және көркем фильм дубляждалады. Сондай-ақ, киноклассиканы ақ-қара форматтан түрлі-түсті форматқа ауыстыру мәселесі де пысықталып жатыр», - деді Асхат Оралов.