Бүгін Кенен Әзірбаевтың туған күні
Бүгін қазақтың әйгілі халық ақыны Кенен Әзірбаевтың туғанына 139 жыл толды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Осыдан 139 жыл бұрын (1884-1976) қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаев дүниеге келді.
Жамбыл облысының Қордай ауданында туған. Кенен – қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген өнерпаз.
Әкесі Әзірбай, шешесі Ұлдар да әнші, домбырашы еді. Әр жырды әуелі ата анасынан үйренген Кенен 11 жасынан домбыраға қосылып, өз жанынан өлең, ән шығара бастады. «Бозторғай», «Көкшолақ», «Бұлбұл», «Он алтыншы жыл», «Қайран елім», «Аттан» әндерін шығарып, «Әли батыр», «Қырғызбай» дастандарын жырлады. Қазақ, қырғыз арасындағы белгілі жиындарға қатысып, айтысқа түсті, ән сайысына араласты. Мемлекет қайраткерлері О. Жандосов, Ж. Бәрібаев, Т. Бокин, тағы басқалармен таныс-біліс болды.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында мәдени-үгіт бригадасын құрып, ел аралап, халқымыздан шыққан батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін, жеңісін жырлады. «Біз жеңеміз», «Сүйгенім-ай, күйгенім-ай», «Төрт батыр» сияқты көптеген өлең, жырлар шығарды. 50-70 жылдары бейбіт өмірді, республика табыстарын, замандастарын бейнелейтін өлең, терме, толғау дастандары туды. 150-дей ән толғап, оның өлеңін жазды.
Оның әнші, композитор болуына әнші-жыршылардың, домбырашы-күйшілердің әсері зор болды. Әсіресе, Жамбыл, Сарыбас, Балуан Шолақ, Шашубай сынды белгілі әнші-ақын, композиторлардан үлгі-өнеге алды. Ақын-композитордың «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар», тағы басқа әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналды.
Ол – жыр алыбы Жамбылмен жарты ғасырдай бірге жүріп, жаңа дәуірді асқақтата жырлаған замана жырауы. Бұған екі жүзден астам өлең, арнау, толғаулары айғақ. Бұл туындылары әлденеше рет жинақ болып жарияланды.
1984 жылы ақынның 100 жылдық мерекесі өткізілді. Таңдамалы шығармаларының 2 томдығы және «Шырқа, дауысым», орыс тілінде «Песни гор и степей» кітаптары жарық көрді. Деректі кино-телефильмдер түсірілді. «Еңбек Қызыл Ту», 2 мәрте «Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.