Ұлттық мұражайда журналистика тарихына арналған көрме өтуде

1 934

ҚР Ұлттық музейінде Қазақстандағы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай «Қазақ журналистикасы: өткені мен бүгіні» атты көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Ұлттық музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Аталмыш шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бірлесе ұйымдастырды.


Көрмеге қазақ баспасөз басылымдарының, радиосының, телевизиясының тарихынан сыр шертетін экспонаттар қойылды.


«Біз осы салаға жауапты министрлік ретінде журналистерге тарту жасауды ойлаған едік. Енді олардың ішінде, әрине, бірнеше жоспарымыз бар. Бүгін солардың алғашқысы ретінде Мәдениет министрлігінің де, осы Ұлттық музейдің де қолдауымен арнайы баспасөз көрмесін ашуды жөн көрдік. Осыған қолғанат жасаған, көмек көрсеткен біздің әріптестеріміздің баршасына шынайы ризашылық білдіремін»,- деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.


Сонымен қатар, Дархан Қуандықұлы «Қазақ» газетінің алғашқы саны 2 ақпан күні жарық көруіне орай осы күнді Қазақ ұлттық баспасөзінің күні деп жариялау туралы ұсыныс болғанын және бұл ұсыныстың қолдау тапқанын хабарлады.


ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов өзінің құттықтау сөзінде: «Менің ойымша адамға көңіл-күй сыйлайтын кәсіптердің ішінде екі кәсіп бар, оның бірі – журналистика, екіншісі – мәдениет, себебі адам баласы жақсы жаңалық естісе, жақсы хабар естісе қуанады, көңілі марқаяды және де әдемі әуен тыңдаса, әдемі, мынандай біздің өнер адамдарының қолынан шыққан картиналарды көрсе көңілдері көтеріледі, сондықтан біз таңдаған мамандықтардың адам баласына пайдасы зор деп есептеймін»,- деп айтты.


Көрменің ашылуына қазақ журналистикасының ардагерлері Сауытбек Абдрахманов пен Әлібек Асқаров қатысып, БАҚ қызметкерлеріне өздерінің жүрекжарды ақ тілектерін жеткізді.


Көрме 16 шілдеге дейін жалғасады.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.