Монғолияда қандастардың кіші құрылтайы өтуде
«Отандастар» қорының мәліметінше, кеше Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің «Отандастар қоры» КеАҚ қоры президенті бастаған қазақстандық делегациясы Моңғолияға барды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ұланбатырдың Налайх ауданының әкімі Ч.Раднаабазар және мәслихат депутаттарымен кездесті. Айта кетерлігі, бұл ауданда 6 мыңға жуық қандасымыз тұрады.
Кездесуге «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Ғабит Қойшыбаев бастаған делегация мүшелері, Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапак, Нұргул Тау, Жарқынбек Амантай, дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы, жазушы Кәдірбек Құныпия, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, жазушы Ауыт Мұқибек, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Абдулақап Қара, Налайх ауданында қызмет ететін «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйым басшылары мен өкілдері қатысты.
Кездесуде «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы Моңғолиядағы және Қазақстанға көшіп келген қандастарымыз Моңғолия мемлекетінің қамқорлығын ерекше ықылас-ризашылықпен еске алатынын айрықша атап өтті. Ол Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы аясында жоспарланған іс-шаралар туралы айтып өтті. Бұл құрылтайдың негізгі мақсаты – Моңғолиядағы қандастармен екі дос ел арасында алтын көпір болу.
Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргүл Тау және Жарқынбек Амантай Моңғолияның тумасы ретінде Моңғолияға келгендеріне қуанышты екенін және парламентаралық байланыстарға өз үлесін қосуға дайын екеніне сенім білдірді.
Дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы 1992 жылдардағы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қарым-қатынастар туралы сыр шертті.
Айта кетейік, кіші құрылтай аясында, Моңғолияның Ұланбатыр, Хобда, Баян Өлгей аймақтарында Моңғолия ресми тұлғаларымен кездесулер, екі елдің ғалымдарымен дөңгелек үстел, кітап тұсаукесерлері, ескерткіш пен көше ашу, кіші құрылтай отырысы, бизнес форум болады. Тәттімбет атындағы консерватория оркестрінің концерті өтеді.