Дәстүрлі әншілер байқауы өз мәресіне жетті

2 153

Көкшетауда Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына және Иманжүсіп Құтпанұлының 160 жылдығына арналған «Арқаның ән дариясы» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.


Байқау кербез Көкше топырағында дүниеге келіп, өнер өрісінің қазақ даласында өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан тұғыры биік, рухы өршіл Арқа өңірінің ақиық дүлдүлдері – Ақан сері Қорамсаұлы мен Иманжүсіп Құтпанұлының шығармаларын халыққа кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Оған еліміздің әр өңірінен 12 әнші қатысып, бақ сынады.


Байқауға Біржан сал атындағы музыка колледжінің директоры, «Мәдениет саласының үздігі» Саян Мұхамедияр (қазылар алқасының төрағасы), ҚР еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Бисара Макенқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ерен еңбегі үшін төс белгісінің иегері, Өнер университетінің доценті, дәстүрлі әнші Толғанбай Сембаев, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, «Мәдениет саласының үздігі», дәстүрлі әнші Кенжебай Мұқышев, Ақмола облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының міндетін атқарушы Асхат Мағауин қазылық етті.


Өнерлі доданың қорытындысы бойынша ІІI дәрежелі дипломмен және 300 мың теңге ақшалай сертификатпен ақмолалық әнші Диана Алтайқызы, қызылордалық Нұртілек Ақтаев марапатталды. ІІ оры мен 500 мың теңге ақшалай сертификат көкшетаулық Төлеген Амановқа бұйырды. Ал Алматы облысының өкілі Ідірбай Байбақты І дәрежелі дипломға және 800 мың теңге ақшалай сертификатқа ие болды.


«Арқаның ән дариясы» республикалық дәстүрлі әншілер байқауында үздік өнер көрсетіп, орындаушылық шеберлігін танытқаны үшін бас жүлде – 1 млн теңгенің ақшалай сертификатына және ұйымдастыру алқасының дипломына Абай облысынан келген әнші Таңат Мұқышев лайық деп танылды.


Сонымен бірге бірқатар әнші ұйымдастыру алқасының дипломымен және 100 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.


OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.