АҚШ-та қазақ киносының апталығы өтіп жатыр

2 503

Қазақстаннң республика күніне орай бірінші Орталық Азия кинофестивалі (Central Asian Film Festival) аясында АҚШ-та Қазақстан киносының апталығы өтіп жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Америкалық көрерменге «Оққағар» және «Маша мен Дударай» атты үздік қазақстандық фильмдер ұсынылады. Басты рөлдерді қазақстандық актерлер Тәуекел Мүсілім, Ерік Хамидуллаев, Рүстем Әлмағамбетов, Олжас Әлжанов, Бауыржан Сатов және Айбек Серікхановтар сомдаған. 


Фильмдердің тұсаукесері және актерлермен кездесу Вашингтонның орталығындағы Дүниежүзілік банк ғимаратында өтті.


Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев Вашингтондағы маңызды мәдени шараға қатысу ол үшін үлкен қуаныш және құрмет екенін атап өтті.



Қазақстан Республикасы күніне орай мұндай шара алғаш рет өткізіліп отыр. 26 қазанда «Қазақтар келімсектерге қарсы» фильмінің онлайн көрсетілімі басталды, 27 қазанда «Оққағар» фильмінің премьерасы өтті, «Маша мен Дударай» фильмдері де америкалық көрермендерге ұсынылады.

Соңғы үш жылда 30-дан астам фильм түсірілді, олардың көпшілігі халықаралық кинофестивальдерде жүлде алып, Қазақстанды шетелде мақтанышпен таныстырады. Келер жылы 20-дан астам фильм түсіру және «Еңлік-Кебек» және «Қыз Жібек» тарихи фильмдерін дайындау бойынша екі ірі жоба жоспарлануда.


АҚШ-тағы қазақстандық кино апталығы америкалық жұртшылықты Қазақстан киноиндустриясы жұмысының нәтижелерімен таныстырып қана қоймай, екі мәдениетті — Солтүстік Америка мен Орталық Азияны өзара байланыстыруға бағытталған алғашқы және ірі мәдени іс-шара.


Ұйымдастырушылардың ойынша, алдағы уақытта фестиваль Америкада да, Қазақстан мен Орталық Азияда да бірқатар маңызды жобаларды іске қосады.