Ататүрікке арналған ескерткіш ашылды
Бүгін Алматы қаласында Түркияның тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Айта кетейік, ескерткіш 2023 жылы көрнекті түрік халқының көшбасшысы Мұстафа Кемалдың құрметіне Алматы қаласының әкімдігімен орнатылған.
Салтанатты ашылу рәсіміне Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшісі Мұстафа Капуджу, ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, түрік диаспорасы мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ескерткіш орнату туралы тапсырманы Түркия Республикасының 100 жылдығына орай, Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға сапары кезінде бергенін атап өтті.
Оның сөзінше, ескерткіш Түркияның тарихи мұрасын құрметтеуді ғана емес, екі елдің достығы мен ынтымақтастығын да бейнелейді.
Сонымен қатар, биіктігі 3 метрден тұратын қола ескерткіштің тұғыры граниттен жасалған. Бұл ескерткіштің авторлары қазақстандық мүсіншілер – Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов.