Студенттер өңірдегі мәдениеттің дамуына үлес қосуда
Қызылордалық студенттер креативті индустрияның дамуына, яғни өздерінің шығармашылық әлеуеті, тың бастамалары арқылы мәдениеттің жандануына серпін беруде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттерінен құралған "Жауқазын" театры жаңа спектакльдерімен көрерменін қуантуда. Бүгін жас театрдың репертуары туралы сөз қозғамақпыз.
Түрлі мамандықта оқыса да өнердің бағасын биіктетіп жүрген талантты студенттер бірнеше айдың ішінде төрт спектакльдің премьерасын өткізді. Атап айтсақ, бүгінге дейін Мұқағали Мақатевтың «Қош, махаббат» драмалық поэзиясын сахналады. Сонымен қатар Әбіш Кекілбаевтың «Махаббат мұнарасы» атты шығармасын көпшілікке ұсынды.
Пьеса желісі әмірші Ақсақ Темір мен оның әйелі арасындағы оқиға төңірегінде өрбиді. Махаббат мұнарасын тұрғызып, алып ғимарат салдырған кіші ханымның әрекеті әлемді аузына қаратқан әміршінің жүзін төмен қаратты.
Қойылым барысында сан алуан өнер бір сахнада тоғысты. Жастар заманауи музыка мен биді керемет ұштастырып, көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Ал жуырда студенттер театры Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық спектаклін халыққа ұсынды. Көпшіліктің ілтипатына бөленген қойылымдар әрбір студенттің театрға деген қызығушылығын арттырды. 2024 жылдың ақпан айында «Шәмші сүйген Изольда», наурыз айында «Қаракөз» трагедиялық спектакльнің тұсауын кесіп, студенттік театрдың алтын репертуары жаңа қойылымдармен толысуда.
Қазір студенттік театр қарқынды жұмыс істеуде. Жылына 2 рет кастинг өткізіледі, ал ұжымда 30-дан астам адам бар. «Жауқазын» театрының ең алғаш жасақталған командасы әлі күнге дейін шашырамаған. Тек қана университет қабырғасындағы шәкірттермен шектеліп қоймай, колледж, мектептерден үйірмемізге мүшелік ететіндер бар. «Жауқазынға» қызығушылық танытқан барша жанға театр мүшесі болуға мүмкіндік бар.
Студенттер театры сәуір айында көрермендерін жақсы жаңалықпен қуантты. Махамбет Өтемісов атындаты Батыс Қазақстан университетінің ұйымдастыруымен «III Umit – 2024» республикалық студенттік театрлар фестивалінде «Жауқазын» студенттер театры алғаш рет қатысып, жүлделі II орын иеленді.
Әртүрлі мамандық студенттерінен құралған «Жауқазын» студенттер театрының жас таланттары М.Әуезовтың «Қарагөз» трагедиялық қойылымын сахналады. Әділ-қазылар алқасы байқауда бақ сынаған жас өрендердің өнерін жоғары бағалады.
Өзіндік бастамаларымен өнерге өзіндік үлес қосқан жастар әлі де талай рет көрерменін қуантады деп сенеміз.
Қазақ мәдениеті - Әлемдік мәдениет ырғақтарын анықтаған соң, қазақ мәдениетіне тоқталайық. Қазақтар — Қазақстан Республикасының негізгі тұрғындары, 2023 жылдың басында қазақтар саны — 13,9 млн. адам болды., исламдық суперөркениеттің солтүстік шығыс жағын мекендейді, діні жағынан ханифиттік мағынадағы мұсылман сунниттер, Алтай тіл бірлестігінің түрік тобының қыпшақ топтамасына жатады. Бұл мәдениетті түсіну мақсатында алдымен оны кеңістік өрісі мен уақыт ағынында қарастырып, кейін қазақ мәдениетінің типтік ерекшеліктерін айқындайық. Қазақ мәдениеті еуразиялық Ұлы дала көшпелілерінің мұрагері болып табылады. Сондықтан осы ұлттық мәдениетті талдауды номадалық (көшпелілік) өркениет ерекшеліктерінен бастайық.
Көшпенділер өркениеті
Әрбір ұлттық мәдениет бос кеңістікте емес, адамдандырылған қоршаған ортада әрекет етеді. Мәдени кеңістік оқшау, мәңгіге берілген енші емес. Ол тарихи ағынның өрісі болып табылады. Мәдени кеңістіктің маңызды қасиеті — оның тылсымдық сипаты. Мысалы, «ата қоныс» ұғымы көпшелілер үшін қасиетті, ол өз жерінің тұтастығының кепілі және көршілес жатқан мекендерге де қол сұғуға болмайтындығын мойындайды. Қауымдық қатынас мекендер егемендігінен туады. Ата қоныстың әрбір жағрафиялық белгілері халық санасында киелі жерлер деп есептелінеді, яғни қоршаған орта киелі таулардан, өзен- көлдерден, аңғарлар мен төбелерден, аруақтар жататын молалардан т.б. тұрады. Олардың қасиеттілігі аңыз-әпсаналарда, жырлар мен көсемсөздерде болашақ ұрпақтарға мұра ретінде қалдырылған.
Белгілі бір парасаттылық, ізгілік, ұстамдылық, интуициялық жоғары қабілеттері жоқ адамдар қатал далада өмір сүре алмас еді. Кеңістікке үйлесімді мәдениетте адам мен табиғаттың арасында «қытай қорғаны» тұрған жоқ. Керісінше, мәдениет олардың арасындағы нәзік үндестікті (гармонияны) білдіретін дәнекер қызметін атқарады. Қазақтың төл мәдениетінде экологиялық мәселе әдептіліктік жүйесіндігі обал және сауап деген ұғымдармен тікелей байланыстырылды.
Табиғат аясындағы мәдениетті қатып-сеніп қалған, өзгеріссіз әлем дейтін пікірлер де әдебиетте жиі кездеседі. Алайда, бұл осы мәдениетке тынымсыз қозғалыс тән екендігін аңғармаудан туады. Шексіз далада бір орында тоқталып қалу көшпелілік тіршілікке сәйкес келмейді. Ол мезгілдік, вегитациялық заңдылықтарға бағынып, қозғалыс шеңберінен шықпайды. Әрине бүл қозғалыс негізінен қайталанбалы, тұрақты сипатта болады. Қуаң даланы игеру табиғатты өзгертуге емес, қайта оның ажырамас бір бөлігіне айналуға бағытталған. Яғни, адам табиғат құбылыстарына тәуелді болып қалады.
Көшпенділердің жол серігі
Енді қарастырып отырған өркениеттің кеңістікті игеру құралдарына тоқталып өтейік. Бұл жерде ең алдымен көшпелілер өміріндегі жылқының ерекше бір қызметіне назар аударған жөн. Жылқыны адам еркіне көндіру арқылы адамзат кеңістікті меңгеру ісінде үлкен қадам жасады. К.Ясперстің пікірі бойынша, тағылықтан өркениетке өтуде жер суару жүйелерін жасаумен, жазудың ашылуымен, этностардың пайда болуымен қатар жылқыны пайдалана білу адамзат үшін өте маңызды болды. ( — М., 1991. — С. 71, 72). Жылқыны пайдалана білу шектелген кеңістіктен бүкіл әлемді игеруге бағытталған қадам еді. Бұл әртүрлі мәдениеттердің сұхбаттасуына мүмкіндік берді. Әрине, бұл сұхбаттасу көптеген жағдайда зорлық-зомбылық арқылы жүзеге асқанын ұмытпаған да жөн.
Сонау көне заманнан халықтар солтүстіктен оңтүстікке, шығыстан батысқа қарай (немесе керісінше) қозғалыста болған. Белгілі болжам шумерліктердің Қосөзен аңғарына Орталық Азиядан келгенін, үндігерман тайпаларының оңтүстікке жылжып, Үндістан, Иран, Грекияға енгенін, түрік тайпаларының Кіші Азияны жаулап алғанын көрсетеді. Қытай империясы мен Үндіге көшпенді түрік-моңғол тайпалары ылғи қысым жасап отырған. Белгілі ғұлама А.Вебердің пікірі бойынша, көшпелі тайпалардың кеңістікті игеруі «халықтардың Ұлы қоныс аударуы» атты құбылысты әкелді. Бұл қазіргі өркениетгердің қалыптасуына үлкен себебін тигізді. Осы айтылғандардан адамзат тарихында жылқыны пайдалана білудің маңызы зор болғандығын көреміз.
Жылқыны кеңістікті жеңу мақсатында әсіресе, көшпелі халықтар шебер пайдалана білген. Ат пен көшпенді біріккен жан болып көрінеді. Мұны көрші халықтардың миф-аңыздарынан да анық байқаймыз. Мысалы, ежелгі грек мифологиясындағы қанатты түлпар Пегас бүкіл елді қан қақсатқан жауыз Химераны өлтіруге көмектеседі. Ал салт атты көшпенді скифтің метафорасы — кентавр Хирон өзінің досы атақты Прометейге көмек беру үшін мәңгілік өмірден бас тартады. Бұл сарынды ертедегі шумерлік жырдағы Гильгамеш пен көшпенді Энкидудың достығынан да аңғарамыз.
Атқа мінген адам жерден өзінің босай бастағанын, еріктілік мүмкіндіктерінің молайғанын және ғарышқа жақындай түскенін сезінеді. Жер-Ана оны қаншама босатқысы келмесе де, ол шексіз әлемге өзінің қадамын нық басады. Халық дәстүрінде де тәй- тәй қадам басқан нәрестенің тұсауын кеседі.
Кеңістікті игеруге көшпелілер үшін жылқыдан басқа да себебін тигізген қолға үйретілген жануарлар болған. Себебі далада тек малшылар мен үй малдарынан басқа да тіршілік иелері бар. Олардың ішінде иттің алатын орны бөлек. Қазақ «ит — жеті қазынаның бірі» деп бекерден-бекер айтпаған. Егер қой мен сиырдың өнімдерін қажеттікке жарату үшін оларды бағу жеткілікті болса, онда ит пен жылқыны баулу, үйрету керек. Бұл үлкен шеберлік пен төзімділікті талап етті. Тек сол жағдайда олар адамның көмекшілеріне айнала алады. Кейін осман түріктері бұл тәжірибені өз империясындағы халықтарды ұстап тұруға пайдаланды.
«Оттоман падишахтары, — дейді А. Тойнби, — арнайы тәрбиеленген құлдардың көмегімен өз империясын басқарды және бұл олардың империясының қуаттылығын күшейтті». (с. 189).
Шексіз даланы игеру оны жай ғана кеңістік, жазықтық деп түсінбей, осы даланы тұтас бір континиум ретінде бағалаумен қатысты. XX ғасырда қалыптасқан этникалық аумақтар мен жағрафиялық ұғымдардың және көшпелілер өркениеті шарықтап тұрған кездегі ата-мекен түсінігінің арасында үлкен айырмашылық бар. Қазақ және басқа да түрік халықтарының мәдени мұраларынан бүкіл еуразиялық Ұлы даланың түріктердің ата қонысы деп есептелінетінін байқаймыз. Мысалы, қазақ эпосында Қырым, Қоқан, Ыстамбол, Хиуа, Алтай, Қазан, Ордос т.б. түріктердің өз жері, ал бұлардың сыртындағы Шам, Мысыр қысылғанда арқа сүйейтін тілектес елдер болып есептелген. Әрине, б9л кеңістіктік, т9тастық уақыт ағынына төуелді болған. Ӏшкі қайшылықтар шиеленіскенде жалпытуыстық сезім кейін қарай шегіндіріліп отырған. Тарихтан тек үлкен суперэтностардың (өркениеттердің) ішінде ғана емес, сонымен бірге этностардың құрамында да кескілескен қақтығыстардың болғанын білеміз. Алайда тарихи өркениеттерге аян болған кеңістіктің шекаралары туралы мәселе тек саясаттанулық емес, бүл туралы мәдениеттану ілімінде де бірнеше қарама-қарсы пікірлер бар.
Батыстық мәдениеттану
Батыстық мәдениеттанудың көптеген өкілдері өздерінікінен бөлек өркениеттер болды деген ойдың өзін бекерге шығарған. Олардың пікірі бойынша, тек бір үлкен әріппен жазылған Өркениет (ол, әрине, еуропалық) бар, ал басқа кеңістік «тағыларды мәдениетті адамға айналдырудың полигоны» болып табылады. Батыстық миссионерлер жергілікті тұрғындарды «туземдіктер» деген кемсіту атымен атап келді. Бұрын бүл сөз адамгершілік қасиеті жоқ жабайы адамдар дегенді білдірген. Олар сол территориядағы жануарлар және өсімдіктер дүниесінің бір бөлігі деп қарастырылды. Ал флора мен фаунаға көзқарас екі түрлі: не олар — арамшөптер мен зиянды жануарлар, сондықтан оларды құрту парызға жатады. Егер, «туземдіктер» пайдалы болса, оларды өсіріп, қолда ұстауға болатын жағдайға жеткізу керек. Соның өзінде олар «адамсымақтар» деңгейінен көтеріле алмайды. Батыстың көптеген ғұламалары осындай көзқарастардың жалғандығын өз шығармаларында көрсете білді. А. Тойнби былай дейді:
«Адамға «туземец» деп немқұрайлы аяусыз қараудан оның белгілі бір нәсілге жататындығы негізінде адамдық, тұлғалық намысын аяққа басуға дейін бір-ақ қадам бар. Бұл хайуандықтың ең бір өрескел көрінісі. Біріншіден, ол адамдардың белгілі бір тобында тұлғалық қасиеттердің барлығын, оны дәлелдемей- ақ бекерге шығарады. Екіншіден, адамзатгың нәсілдік дихотомиясы барлық діни, мәдени, саяси-экономикалық дихотомиялардан өзгеше, адамзаттың арасынан өте алмайтын және абсолютті жыра қазады. Үшіншіден, нәсілшілдік өлшем (критерий) ретінде адамдық табиғаттың сыртқы, мәнді емес, қарапайым белгісін қабылдайды». (Постижение истории, с. 589).
Сонымен, нәсілшілдік пен мәдени империализм батыстық емес мәдениеттердің өзіндік кеңістігін жоққа шығарады, олар жергілікті халықтарды ландшафтың қарапайым бөлігі деп қарастырады. Ұлттық мәдениет пен кеңістік арасындағы байланысты Гумилев өзінше түйіндейді: —Этностар биосфераның бір бөлігі болып табылады. Адамдар ландшафтыны не өздеріне тәуелді түрде өзгертеді, не өздері осы ландшафтыға икемделе бірігеді. Кейбір оқшау қалған (реликтілік) этностардан басқасы мәдени ағында суперэтностар (өркениеттер) болып тұтастанады. Өркениет дегеніміз ортақ мәдени өрісі бар ұлттық мәдениеттердің болмысы. Мысалы, мұсылмандық суперэтнос араб мәдениетінің шеңберінен шыға білген. —Әрбір халықтың кеңістіктік тұтастығы, Отаны бар. Адам өз биоценозында, басқалардың емес, өзінің ата-бабаларының тәжірибесіне сүйене отырып өмір сүреді. Ландшафтың өзгеруі ұлттық мәдениеттің өзгеруіне әкеп соғады. Пассионарлықтың (рухани ізденістің) адамзат тағдырындағы қызметі туралы пікір ол үшін жетекші болды.
Этномәдени кеңістік
Еуразия құрылығы 5 этномәдени аймақтан тұрады:
Муссондық Қиыр Шығыс — бұл конфуцийлік-буддалық өркениет кеңістігі.
Құрғақ Ұлы Дала — көшпелілер мәдениетінің аймағы.
Субтропикалық Таяу Шығыс — мұсылмандық әлемі.
Орманды Шығыс Еуропа — православиелік мәдениеттің ошағы.
Батыс Еуропа — католиктік кеңістік.
Ғылым үшін мәдениеттерді континенттер бойынша бөлудің маңызы тым жоғары емес. Мысалы, Жерорта теңізі Еуропа мен Африканы бөліп тұрғанымен, ол эллиндік мәдениет үшін ішкі теңіз болды. Әдетте өркениеттердің кеңістік шегі климаттық және өтуі қиын шекаралармен байланысты. Сөздің тар мағынасында «Еуразия» деп Карпат тауларынан Қытайға дейінгі Ұлы жазықтықты айтады. Ол үш ауданнан тұрады: биік Азия (Моңголия, Тува, Алтай, Байқал төңірегі), Орталық Азия және Шығыс Еуропа жазығы. Еуразия тек жағрафиялық ұғым емес, сонымен бірге ол мәдени тұтастық болып табылады. Еуразияны оның ландшафты мен ауа райына икемделген автохтонды халықтар: түріктер, славяндар, угрофинндер, моңғолдар т.б. мекендейді. Бұл кеңістікте бірде-бір еуразиялық емес өркениет үстемдік ете алмаған. Жоғарыда аталған мәдени кеңістік славян халықтарының христиан дінін, ал түрік этностарының көпшілігінің мұсылмандықты қабылдағанынан кейін бір-бірінен алшақтады. Ресей Батысқа қарай жылжыса және Еуразияның басқа бөліктеріне отаршылық пиғыл танытса, түрік өркениетінде Шығыстық элементтер күшейе түсті.
Кеңістік пен мәдениеттің арақатынасы табиғи ортаны «өзімдікі» және «өзгенікі» деп бір-біріне қарсы қою арқылы айқындала түседі. Бұл қарсы қою, әсіресе, мифологиялық дүниетанымда әсерлі көрсетіледі. «Мифте, — деп жазады Ыбыраев, — адамзаттық (человеческое) және адамзаттық емес (нечеловеческое) (дию, албасты, марту, жезтырнақ, шойынқұлақ, жалғыз көз дәу т.б.) болып бөліну ретінде көрінсе, классикалық эпоста біздікі (ноғайлардікі, қыпшақтардікі, қазақтікі, т.б.) және жаудікі (қалмақтікі, қызылбастікі, ындыстікі) деген ұғымдарға лайық жіктеледі». ( — Алматы, 1993. — 137-бет).
Қазақ эпосын және басқа да мәдени мұраларын зерттеушілер «өзгенікіне» тек беріде пайда болған қалмақтарды ғана емес, сонымен қоса сонау ерте заманнан көшпелілермен тартысып келген отырықшы империяларды жатқызады (Қытай, Иран, Үрім, Орыс, т.б.). Кеңістікті «біздікі» және «өзгенікі» деп бөлу оппозициясы тек суперэтностар арасында емес, сонымен бірге мөдени-шаруашылық типтер аралығында да жүргізілген. Әрине, көшпелілер мен отырықшылар арасындағы «бітіспес жауластық» бар деген әсіре бейнелеуге жатады. Сонда да олардың арасында қайшылық жоқ емес. Бұл қайшылық мәдениет әлемінде ландшафт ерекшеліктері арқылы суреттелген. Қазақ тіршілігінің негізгі тұп қазығы — кең дала, жазық жер. Ұлы Даланы Алтай, Тянь- Шань, Орал, Кавказ таулары қоршап тұр. Бұл шекара тауларда және одан ары қарай жау бар деген түсінік халық санасына терең ұялаған.
Алайда, эпостық кеңістіктегі тау, өзен сияқты кедергілерді, даланың шекараларын «басқанікі» деп түсіну өзгермелі болды. Бұл эпостық кеңістіктің жоғарыда айтылған ситуативтік қолданылуына қатысты. Лирикалық поэзиядағы сияқты табиғат көріністерін көркем суреттеу эпоста жоқтың қасы. Табиғат көрінісі, кеңістік бітімі әрекет пен бірлікте ғана көрінеді. Тау — асқанда, аң — аулап жүргенде, өзен — өткенде, дала — жүргенде, ағаш — басына шыққанда, не ат байлағанда айтылады.Тағы бір ескеретін жай — эпостық кеңістік пен реалды кеңістіктің арасындағы айырмашылық. Мифологиялық немесе эпостық кеңістіктің топонимикасы қазіргі жер-су атауларымен сәйкес болмауы мүмкін. Әр түрлі тарихи қозғалыстар этностардың белгілі бір территорияда қалыптасуы, олардың мекен- жайларын өзгертуі, басқа этностардың бұл территорияға енуіт.б. осы сияқты процестер, жоғарыда келтірілген «біздікі» — «өзгенікі» оппозициясын түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Биік таулар этностың киелі жерлеріне, жаудан сақтанып, қуат алатын қасиетті мекендеріне, ал қала көшпелілердің туысқандары тұратын, тіршілік үшін қажетті заттар алатын тұрақ-жайға айналуы әбден мүмкін. Бұл процесс, әсіресе, орта ғасырлардағы түрік империяларына тән. Осы туралы Мағжан былай жырлайды:
Тұранның Тянь-Шаньдай тауы қалай,
Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай.
Еріксіз Ер түрікті еске аларсың,
Көкке асқан Хан Төңірге қарай-қарай.
Этномәдени кеңістік туралы пайымдағанда маңызды бір мәселе осы аймақты мекендеген халықтардың автохтонды (жергілікті) немесе келімсек екендігін анықтаумен қатысты. Бұрынғы тарихтағы толастамаған соғыс пен жаугершілік, шекаралас жерлерге талас кезеңінде этностардың қисапсыз жылжуы, көшіп- қонуы, қырылуы және ығыстырылуы, ассимиляциялық процестер этнографиялық деректерде этномәдени кеңістік туралы қарама-қарсы пікірлер туғызады. Мысалы, Қытай менталитетінде қытайлықтарға қазір бағынышты халықтар бұрын иелік еткен жерлердің бәрі Аспан астындағы империяның кеңістігі деген ұғым бар. Кеңістік аясындағы мәдениеттің автохтонды екендігін шешудің басты жолы осы мөдениетті құраған этникалық бөліктерді, этномәдени аймақты мәңгі өзгермейтін тұтастық ретінде емес, «жанды тарихи құбылыс күйінде, қозғалыс үстінде қарау, көршілес халықтардың тарихи тағдырымен салыстыра отырып, әрбір этникалық топтың өзінің қазіргі негізгі жеріне қай уақытта жылжыды, көне осындай межелерді анықтау арқылы жүзеге асады». (Пищулина К.А. — Қазақ. Алматы, 1994. — 49-бет).
Кеңістік және автохтонды мәдениет мәселесін шешу үшін біз оқшау алынған этнос көлемінен, ол енетін үлкен өркениеттің (суперцивилизацияның) өріс аймағына жылжу керек. Өйткені, қазіргі этностардың көпшілігі қоныс аударудың, ассимиляциялық процестердің, топтасу мен жіктелудің нәтижесінде қалыптасқан. Бұған мысалдар жеткілікті. Айталық, Иран мен Солтүстік Үндінің халықтары арийлік топтардың оңтүстікке қарай қоныс аударуы негізінде, француздар галл тайпалары мен франктардың араласуы, орыстар ежелгі славян тайпаларының көршілес угрофинн, скандинавтық, түріктік компоненттерді өзіне сіңіруі нәтижесінде қалыптасқан. Соңғы кезде қалыптасқан латин- американдықтар туралы айтпаса да түсінікті. Қазақтың этникалық территориясы да көп ғасырлық қалыптасу нәтижесінде айқындалды.
Суперөркениеттерде кеңістік аймағы тұрақты анықталған.Гумилевтің сөзімен айтсақ, әрбір өркениет белгілі бір ландшафтымен қатысты. Мысалы, афроазиялық даланы негізінен семит халықтары, еуразиялық даланы түрік этностары, Шығыс Еуропаның орманды жазығын славяндар, Қиыр Шығыстың орманын манчжурлар ж.т.т. мекендеген.
Кеңістік пен автохонды мәдениеттің арақатынасын түрік халықтарының өркениетіне байланысты қарастырайық. Бұл мөдениет тарихында әлі күнге дейін көптеген пікірталастар туғызып отырған мәселеге жатады.
Еуроорталықтық көзқарастағы батыс ғалымдарын, патшалық Ресей мен тоталитарлық жүйе тарихшыларын айтпағанның өзінде, тіпті, соңғы кезде шыққан басылымдарда түрік халықтарының мәдени кеңістігі және оның автохтондығы бұрмаланып көрсетілген. Тарихи және қоғамдық-саяси еңбектерде жиі кездесетін пікірдің бірін былай қысқаша тұжырымдауға болады:
—Ұлы еуразиялық даланы арийлер мекендеген. Көне тайпалардың иран түбірлі ортасында бұл өңірге кейін келген түркілердің тілдік ықпалы күшейген. Андрон заманында жасаған, малшылықпен, егіншілікпен айналысқан, еуропалық пішіндес, үнді-ирандықтар тайпасын ілкі темір дәуірінде, оңтүстік және шығыс өңірлерде — сақ, солтүстік және батыс өңірлерде — савромат малшы тайпалары мұраланған.
—Алтай тайпалары Енисей мен Тынық Мүхиттың ортасында Сібір мен қазіргі Солтүстік Қытай жерін мекендеген, ал соның ішінде прототүріктік тайпалар Байкал мен Ордостың арасында өмір сүрген. Олар Еуразия даласына «халықтардың ұлы қоныс аударуы» кезінде ғана келген.
Жоғарыда келтірілген көзқарас ресми әдебиетте де хрестоматиялық қағидаға айналып кеткен. Алайда, бұл мәселеге сырттан бейтарап қарасақ, Орталық Азияньң арийлік субстраты деген ұғым жөнінде көптеген күмәндар мен сұрақтар туады. Біріншіден, аталған пікірді дәлелдейтін нақтылы деректер жоқ. Көптеген дәлелдемелер «мұның болуы мүмкін емес, сондықтан болған жоқ» деген логикалық қателіктің маңайынан алынған. Яғни, басқаша айтқанда, прототүріктік өркениеттің болуы мүмкін емес, сондықтан ол болған жоқ. Екіншіден, Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабында келтірілген шумерлік және прототүріктік мәдениеттердің туыстығы жөніндегі гипотеза үнді- ирандық Орталық Азия туралы ілімді бекерге шығарады. Бұл мәселеге кейінірек арнайы тоқтылып өтпекпіз. Үшіншіден, егер прототүріктік кеңістік Ордоспен ғана шектелсе, онда ол қалай орта ғасырлардың басында бүкіл еуразиялық Ұлы Далада үстемдік етті. Мұны тек жаугершілікпен түсіндіру ақиқатқа жата қоймас. Әлемнің жартысын жаулап алған македондықтар мен моңғолдар тез арада жергілікті халықтармен сіңісіп кеткен. Әрине, бұл мәселе әлі талай ғылыми зерттеулерді талап етеді.
Түрік халықтарының кеңістігі Азия мен Еуропаның талай аймағын қамтыған. Олардың мекені Солтүстік мұзды мұхиттан Жерорта теңізіне дейінгі алып территорияны біріктіріп тұр (шамамен 14—15 миллион шаршы шақырым). Ерте заманда бұл аймақ Қытай, Үнді, Иран, антикалық сияқты бір-бірінен оқшау орналасқан әркениеттерді байланыстырып тұрған.
Түрік халықтарының мекен-кеңістігі осы автохтонды этностардың тұтас өркениеттік аясы болып табылады. Ол тек еуразиялық Ұлы даламен шектелмей, адамдық мәдениеттің ерте кезден қалыптасқан суармалы — оазистік ошақтарын, Алтай, Тянь- Шань, Памир, Кавказ тауларын қамтиды. Үлкен өркениет қалыптасу үшін біркелкі табиғи ландшафтан гөрі, кеңістіктің әртүрлі бедерлері қолайлы. Яғни түрік халықтарын тек жазық даланың тұрғындары деп қарастыру олардың мәдени кеңістігінің күрделілігін ескермеуге жатады.
Этномәдени кеңістіктің не ұлғайып таралуы да, не азайып тарылуы да мүмкін. Мұның себептері әр түрлі. Жаугершілік кезінде әлсіз, өзін-өзі қорғай алмайтын мәдениет өз атамекенінен ығыстырылуы, ассимиляцияға ұшырауы, тіпті, түгелімен жойылып кетуі мүмкін. Оған тарихтан талай деректер келтіруге болады (XVIII ғасырдағы қытайлықтардың жоңғарларды қыруы, еуразиялықтардың қос Америкадағы жергілікті этностарға жасаған геноциді, Рим қуатымен жүзеге асқан кельт тайпаларын ассимиляциялау ж.т.б.).
Көне заманнан бері біртұтас болып қалыптасқан кеңбайтақ территориядағы түрік суперэтносының кеңістігін, Жаңа Заманнан бері империяшыл көршілері бірнеше жерден үзіп жіберген. Сол себептен XX ғасырдың аяғына дейін бұл өркениеттің ішіндегі жалғыз тәуелсіз болып келген Түркия мемлекетінің кеңістігі басқа туысқан халықтардың жерімен тікелей ұласпаған деуге де болады. Сібір мен Орталық Азияның арасын, Еділ бойы мен басқа түрік халықтарының жерлерінің ортасын, Еуропа мен Азияның аралығын Ресей отаршылары экспансиялау нәтижесінде бөліп тастаған. «Әрине мұндай әділетсіздіктің, — дейді М. Тәтімов, — мәңгілікке созылуы мүмкін емес еді. Әділдік орнап, түркі халықтарын қатты жаныштаған Кеңес Одағы ыдырады, Орта Азия мен Қазақстан тәуелсіздік алып өз мемлекеттерін құрды. Түркілік тұтастықты, үзілген байланысты қалпына келтіріп, бүгінгі әлемдік өркениет дәрежесінде дамытуға толық мүмкіндік пен алғышарттар қалыптасты».