Қазақ хандарының шежіресі табылды

2 526

Фото: видеодан кадр"Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы" қызметкерлері хандардың тарихы топтастырылған көне кітап тапты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап. 


Мұны татар тарихшысы Шахабуддин Марджани жазған. Ескінің көзі, бұл қолжазбаны сақтап келген адам - түркістандық Нұржан Болғанбай есімді азамат.


Бұл кітап "Қисмоалай Мустафат Акбар Ахуал Булгар татар" деп аталады. Шамамен 1883 жылдары жазылған кітапта қазақ хандарының тағдыры, жүрген жолы, ұстанған ұстанымы, басқа елдермен қарым-қатынасы баяндалған. Бір сөзбен айтқанда, Ақорда мен Көкорданың тарихы тәпсірленген. 


"Татар тарихшысы Шахабуддин Марджанидің "Әл Мұстафа" еңбегі. Бұл еңбегі Қазақстанның тарихына қатысты. Оның ішінде қазақ хандарының шежіресіне байланысты өте құнды деректер берілген", - деді тарих ғылымдарының кандидаты Гүлсім Бисенова.


Елден жиналған құнды қағаздар ішінде Қожа Ахмет Яссауидің 1904 жылы басылған жырларының нұсқалары да кездеседі. Көрмені ұйымдастырушылардың айтуынша,  жас ұрпақты рухтандыру мақсатында бұл көне кітаптардың алатын орны ерекше.


"Ақ Орда деген мемлекетті білесіз. Алтын Орда екіге бөлінген. Ақ Орда, Көк Орда деп. Ақ Орда Қазақ хандығының негізі болатын. Хандардың қай кезеңде өмір сүргені туралы хронологиясын жазады. Кімдермен саясат жүргізді, дипломатиялық қарым-қатынасы қалай болғаны туралы қысқаша мағлұматтар бар", - деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының бас сарапшысы Алмат Әбсалықов.


Сирек кітаптар орталығында бір-біріне ұқсамайтын 150-ге жуық көне жазба деректер топтастырылған. Бұл жазбалар түркі және араб тілінде жазылған. Ал хандардың тарихынан хабар берер қолжазба түркістандық молда Болғанбай Байсейітұлынан балаларына аманат болып қалған. 


"150-ге жуық қолжазбалар мен сирек кітаптарды біздің ұлттық орталық қорына қостық. Бұл кітаптар қайдан, қалай келді дейтін болсақ, әрбір облыстағы ғылыми мекемелерден, мешіттерден, музейлерден және жеке тұлғалардың қолында сақталған жазба деректер болып табылады. Әрбір қолжазба - біздің өткен тарихымыз, мұрамыз", - деді тарих ғылымдарының кандидаты Гүлсім Бисенова.