Абай күні: ұлы ақынның туғанына – 179 жыл
Бүгін Қазақстанда Абай күні аталып өтеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
179 жыл бұрын дәл осы күні қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы дүниеге келді.
Абай туралы қызықты деректер
Абайдың арғы тегі Арғын ішіндегі Тобықты Олжай батырдан басталады. Атасы Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болған деседі. Осы Өскенбайдың әйелі Зереден Абайдың әкесі Құнанбай туады.
Ал Құнанбайдың төрт әйелі болған. Бәйбішесі – Күңке, одан бір ұл – Құдайберді. Ұлжан болса, Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық. Інісі қайтыс болғаннан кейін Құнанбай келінін әмеңгерлікпен алған. Ұлжаннан Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ пен Оспан, үшінші әйелі – Айғыздан Халиолла мен Ысмағұл деген балалары туады. Абайдың "Атадан алтау, анадан төртеу" дейтіні содан.
Төртіншісі – Нұрғаным. Одан бір ұл туған, бірақ есейіп қалған кезде оны ат сүйреп өлтірген. Бір қыз туған, ол жастай қайтыс болған. Балалары өле берген соң Абайдың Ділдәдан туған Ақылбайды бауырына салып өсірген.
Қызықты деректер:
Абай Құнанбайұлының шын есімі – Ибраһим. Әжесі Зере "Абай" деп еркелеткеннен кейін Абай атанып кеткен;
Алғашқы өлеңін 10 жасында жазды;
Абай алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялап жүрген;
Құнанбайұлы көптеген өлеңіне өзі ән жазған. Олардың ішінде кеңінен тарағаны – "Көзімнің қарасы";
Абай 13 жасында ел басқару жұмысына араласқан;
Алғашқы махаббаты – Тоғжан;
Абай Құнанбайұлы 1860 жылы Ділдәмен отау құрған. Ол кезде Абай 15 жаста болды;
Абай 16 жасында әке болды;
21 жасында болыс болып сайланды;
Құнанбайұлы екінші әйелі Әйгерімге 30 жасында үйленген;
Еркежан - Абайдың әмеңгерлік жолмен үйленген әйелі. Ол Абайдың інісі Оспанның қалыңдығы болған. Еркежан Абайға өз қалауымен тұрмысқа шыққан;
36 жасында тұңғыш немересі Әубәкір дүниеге келді;
"Семей қазақтары үшін қылмыстық істерге қарсы заң ережесін" әзірледі;
Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және тағы басқа әлемнің көптеген тіліне аударылды.
Мұхтар Әуезов Абайдың бала күнінде жаттаған кейбір өлеңдерін кәрілікке жеткен уақытына шейін ұмытпағанын да жазған.
Абай күні қалай бекітілді
2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында аталып өтті. Оған дейін мемлекеттік комиссия құрылып, мерейтойды дайындау және өткізуге арналған жалпыреспубликалық жоспар бекітілді.
"Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық-музейінде жаңғырту жұмыстары атқарылды.
Сол жылы 4 тамызда үкіметтің қаулысымен Абайдың туған күні мерекелік даталар тізіміне енгізілді. Жыл сайын Абайдың туған күні орай сан алуан шаралар ұйымдастырылады. Былтыр танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген ұлы ойшылдың туған күніне арналған челлендж бастады.
Қазақстанда жүздеген мектеп пен мыңдаған көше ұлы ақынның есімімен аталады. 2022 жылы Абай облысы құрылды. Бір қала мен бірнеше ауылға ойшылдың аты берілді.
20 мыңға жуық қазақстандықтың аты – Абай. Олардың ішінде өзге ұлт өкілдері де бар.
Астанада Абай күні қалай тойланады
Биыл елорданың сол жағалауында Абай Құнанбайұлының ең ірі цифрлық бейнесі пайда болды. Ұлы ақынның 65 метрлік портреті шолу дөңгелегіне LED жарықпен шығарылды. Қала тұрғындары мен қонақтары анимацияны 16 тамызға дейін көре алады.
Ал кешкі сағат 20:00-де Кенесары хан ескерткішінің жанында Абай күніне арналған "Домбыра Party" әдеби сазды кеші басталады. Сол жерде ақынның әндерін орындалып, өлеңдері мен қара сөздері оқылады.
Әдеби кеш тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен өтеді.