«Қазақфильм» киностудиясы MIPCOM 2025 халықаралық көрмесінде Қазақстан киноиндустриясын таныстырды
Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы биыл Францияның Канн қаласында өткен MIPCOM 2025 халықаралық телевизиялық және контент көрмесіне қатысты. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ауқымды іс-шара Фестивальдер мен конгрестер сарайында (Palais des Festivals et des Congrès) және оған іргелес аумақтарда ұйымдастырылды. Қазақстандық павильонда «Қазақфильмнің» түрлі жанрдағы фильмдері, киностудияның «Алтын қорындағы» үздік туындылар, сондай-ақ «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» қаржыландырған заманауи жобалар ұсынылды.
Көрмеге келушілер мен халықаралық серіктестерге қазақстандық көркем, деректі және анимациялық фильмдердің кең топтамасы таныстырылды.
Киностудия өкілдері MIPCOM алаңында шетелдік дистрибьюторлармен және телекомпаниялармен бірқатар іскерлік кездесулер өткізіп, қазақстандық кино мен тележобаларды халықаралық нарыққа шығару мәселелерін талқылады.
Келіссөздердің нәтижесінде тараптар бірлескен өндіріс, контент алмасу және ко-продукциялық жобалар бойынша ынтымақтастық орнату бағытында алдын ала уағдаластықтарға қол жеткізді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, бұл бастама — отандық контенттің әлемдік нарықтағы үлесін арттырып, қазақстандық киноның жаңа аудиторияларға жол ашуына мүмкіндік беретін маңызды қадам.
MIPCOM — теледидар, стриминг және цифрлық контент саласындағы әлемдегі ең ірі кәсіби көрмелердің бірі. Биылғы шараға 107 елден 10 600-ден астам қатысушы келді.
Көрмеге жетекші елдер — Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Канада, Испания және Италиядан қатысушылар жиналды. Ұйымдастырушылардың дерегінше, Каннға 3 мыңға жуық контент сатып алушы келіп, жаңа серіктестермен кездесіп, бірлескен жобаларды талқылаған. Жалпы 350-ден астам компания өз өнімдерін ұсынды.
MIPCOM 2025 көрмесіне қатысу — Қазақстанның кино және теледидар саласы үшін маңызды халықаралық тәжірибе алмасу алаңы болды. Бұл шара қазақстандық кинематографты жаһандық деңгейде танытуға, сондай-ақ ұлттық мәдени өнімдердің экспортын арттыруға бағытталған стратегиялық қадам ретінде бағаланады.







