Иван Крылов мұрасына арналған әдеби-танымдық кеш өтті

1 507

Фото: © РИА Новости / В. ШияновскийҚызылорда облыстық Славяне этномәдени орталығының ұйымдастыруымен Достық үйінде әйгілі орыс мысалшысы Иван Андреевич Крыловтың шығармашылығына арналған әдеби-танымдық кеш өтті,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Шараға Ресей ынтымақтастығы өкілдігінің Қазақстандағы жетекшісі, Алматыдағы Орыс үйінің басшысы, консул Мария Симакова, облыстық қоғамдық даму басқармасының ҚХА Хатшылығы этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Ерлан Сисенбиев, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов және өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен мәдениет саласының өкілдері қатысты.

Кеш барысында А.С. Пушкин атындағы кітапхананың көркем әдебиет көрмесі ұйымдастырылып, Крыловтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнематериалдар ұсынылды. Қатысушылар жазушының басняларындағы адам мінезін әжуалау, тәрбиелік мазмұн және көркемдік ерекшеліктері жөнінде тың мағлұмат алды.

Оқушылар «Ворона и Лисица», «Квартет», «Лебедь, Рак и Щука», «Стрекоза и Муравей» секілді танымал мысалдарды театрландырылған қойылым ретінде сахналап, әр шығарманың идеялық мәнін қазіргі заман құндылықтарымен байланыстыра білді. Сонымен бірге викторина, «Қара жәшік» ойыны, «әдеби мәзір» және музыкалық номерлер кештің мазмұнын аша түсті.

Шара соңында қонақтар И.А. Крыловтың мол мұрасының жас ұрпақты адамгершілікке, еңбекқорлыққа және ізгілікке тәрбиелеудегі маңызы зор екенін атап өтті.