«Әскери отбасылардың балаларына үздік қазақ анимациясы көрсетілді»

2 512

Фото:© gov.kzӘскери қызметшілердің балаларына қазақ анимациясының алтын қоры көрсетілді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жанындағы «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі ұйымдастырған

Бұл шара Президенттің ұлттық анимацияны дамыту және аудиовизуалды өнім нарығын мемлекеттік тілдегі сапалы контентпен толықтыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырылған. Көрермен ретінде әскери қызметшілер, азаматтық персонал, Қарулы Күштердің ардагерлері мен олардың балалары мен немерелері, сондай-ақ шығармашылық взводтың сарбаздары шақырылған.

Шараны Ұлттық әскери-патриоттық орталығы бастығының орынбасары, подполковник Ерболат Жүсіпов ашып, жобаның мәдени мұраны сақтау, рухани құндылықтарды насихаттау және мемлекеттік тілді дамытудағы маңыздылығына тоқталып айтқан.

«Қазақфильм» киностудиясы жанындағы «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің продюсері Айнұр Исаева атап өткендей, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың қолдауымен ұйымдастырылған мұндай көрсетілімдер енді Абай, Гвардейск, Сарыөзек және Алматы гарнизондарында да өтетін болады.

 - Көрермендер назарына түрлі аудиторияның талғамына сай жанрлар ұсынылады. Оның ішінде толық метражды анимациялық ертегілерден бастап қысқа метражды авторлық киноларға дейін бар. Бұдан басқа жас көрермендер 2025 жылдың эксклюзивті премьераларын және «Қазақфильм» мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының алтын қорынан алынған анимациялық ленталарды да тамашалай алады, – деді ол.

Шара Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен өткізіліп жатыр. Жобаның серіктестері қатарында Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы, Астана қаласындағы «Арсенал» және Қарағандыдағы «Сарыжайлау» кинотеатрлары бар.