«Асыл мұра» ансамблі Қырғызстан сахнасында жүлделі орын иеленді
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Асыл мұра» домбырашылар ансамблі Бішкек қаласында өткен аспаптық өнер бойынша VIII халықаралық шығармашылық байқауында бас жүлдені иеленді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.
«Асыл мұра» домбырашылар ансамблі халықаралық байқауда жоғары деңгейдегі өнерімен көзге түсті. Өнер ұжымы сахнада Адай күйі шығармасын асқан шеберлікпен орындап, көрермендердің зор ықыласына бөленді. Шабытпен шырқалған күй ансамбль мүшелерінің кәсіби дайындығы мен орындаушылық шеберлігін айқын көрсетті. Бүгінде ансамбль құрамында 30-дан астам зейнеткер өнерпаз бар. Ұжымға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, белгілі күйші Батыр Теміралиев жетекшілік етеді. Ансамбль мүшелері аптасына екі рет Есіл ауданындағы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінде жиналып, тұрақты түрде дайындық жұмыстарын жүргізеді.
«Асыл мұра» ансамблінің құрылғанына биыл 5 жыл толды. Аға буын өкілдерінен құралған ұжым репертуарының байлығымен ерекшеленіп, ұлттық өнерді кеңінен насихаттауға өз үлесін қосып келеді.







