Қазақстанға танымал Kandis қайта оралады

2 506

Фото: Opennews.kz ЖИOrda тобының «Кеш мені» әнін корей тілінде орындап, қазақстандықтарды тәнті еткен Kandis K-pop тобы Comic Con Astana сахнасына шығады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Оңтүстік Кореяның Kandis K-pop тобы халықаралық Silk Way Star телевизиялық вокал байқауына қатысқаннан кейін Қазақстанда кеңінен танылды. Топ Comic Con Astana 2026 фестивалінің қорытынды күні — 9 тамыздаөнер көрсетеді. Сол күні топ мүшелерінің қатысуымен қолтаңба сессиясы да өтеді.

Silk Way Star байқауында Kandis Корея Республикасының атынан қатысып, Orda тобының «Кеш мені» әнін корей тілінде орындау арқылы көрермен ықыласына бөленді. Бұл кезеңде қатысушылар қазақ әнін өз ана тілдеріне аударып орындауы керек еді. Kandis ұсынған корей тіліндегі нұсқа топқа осы кезеңде жеңіс әкелді. Ән аз уақыттың ішінде шоудың ең көп талқыланған нөмірлерінің біріне айналып, әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Осылайша мыңдаған қазақстандық көрермен Kandis қыздарK-pop тобының шығармашылығымен танысты. Сонымен қатар, топ байқауда Мархаба Сәбидің «Dem Alam» әнін қазақ тілінде орындады.

Kandis — Оңтүстік Кореяның қыздар тобы. Топ мүшелері айрықша вокалдық шеберлігі мен жанды дауыстағы жоғары деңгейлі өнері арқылы өзіндік музыкалық қолтаңбасын қалыптастырып келеді. Олар 1990 жылдардағы R&B мен хип-хоптан шабыт алып, бұл жанрларға заманауи сипат береді. Қуатты қойылымдары мен сахнадағы шынайылығымен көрерменге ерекше әсер сыйлайды.

Comic Con Astana фестивалі Қазақстан астанасында 2026 жылғы 6–9 тамыз аралығында өтеді. Фестивальдің хедлайнерлері қатарында «Тақтар таласы» телехикаясындағы Джейме Ланнистер рөлімен танылған даниялық актер Николай Костер-Вальдау, сондай-ақ Netflix-тің «One Piece» телехикаясының жұлдыздары — Манки Д. Луффи рөлін сомдаған Иньяки Годой мен Санджи рөлін сомдаған Таз Скайлар бар. Үш актер де фестивальдің басты сахнасында көрерменмен кездесіп, қолтаңба және фотосессияларға қатысады, сондай-ақ жанкүйерлердің сұрақтарына жауап береді.

Фестивальге әлемге әйгілі Kamui Cosplay косплей-дуэті, сондай-ақ танымал блогерлер мен контент авторлары SuperCrastan (Даня Крастер), Jane Kravitz, Karrambaby, Dobryak, Dalbek, FixEye және Егор Шкредқатысады. Арнайы қонақтардың бірі — Marvel, DC, Image және әлемнің басқа да ірі баспаларымен жұмыс істейтін италиялық суретші Паоло Панталена. 7–9 тамыз аралығында «Другое издательство» баспасы мен Kryptonite Comics дүкенінің стендінде келушілер суретшімен жүздесіп, қолтаңба алып, авторлық скетчке тапсырыс бере алады.

Comic Con Astana — Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениетке арналған ең ірі фестиваль. Ол жыл сайын түрлі елдерден кино, телехикая, аниме, комикс, бейнеойын, косплей және поп-мәдениет жанкүйерлерін бір алаңға жинайды. Биыл да фестиваль бірден екі жерде — Barys Arena мен «Алау» мұз сарайында өтеді. Бағдарламаның дәстүрлі бөлігіне айналған халықаралық косплей байқауының жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды.

Comic Con Astana билеттерін фестивальдің ресми comicconastana.kz сайтынан және Яндекс Афиша платформасынан сатып алуға болады.

2026 жылы фестиваль серіктестері қатарында Яндекс Go, Яндекс Еда, Кинопоиск, Яндекс Афиша, BIGBON, Chupa Chups, сондай-ақ басқа да жергілікті және халықаралық брендтер бар.

Айта кетейік, аты аңызға айналған актер Джеки Чан Маңғыстау өңіріне табан тіреді.