Мәдениеттің жаңа картасы: Жеті өңірде инфрақұрылым жаңарып жатыр

2 503

Фото: ©ЖИ иллюстрациясыҚазақстанның жеті өңірінде мәдениет саласын дамыту бағытындағы жобалар жүйелі жүзеге асырылуда,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі. 

Мәдениет және ақпарат министрлігінде Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан және Абай облыстарының 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмыстары қорытындыланған. Жиында мәдениет нысандарының құрылысы мен жөндеу жұмыстары, кітапхана және архив саласын цифрландыру, халықаралық фестивальдер өткізу, сондай-ақ өңірлердегі мәдени инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланған. Шығыс Қазақстан облысында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне 10 ел мен өңірдің өкілдері қатысып, 50 мыңнан астам көрермен жиналды. Облыс музейлеріне алты айда 328,4 мың адам келіп, 5,5 мыңнан астам экскурсия ұйымдастырылды. Қазір Шығыс Қазақстан өнер музейіне күрделі жөндеу жүргізілуде.

Алматыда мәдени іс-шараларды барлық ауданға қолжетімді етуге басымдық берілген. IV Almaty Circus Festival халықаралық фестиваліне 18 елдің өнерпаздары қатысып, қойылымдарды 10 мыңнан астам көрермен тамашалаған. Қаладағы жеті кітапхана филиалы тәулік бойы жұмыс істейді. Абай облысында екі жаңа ауылдық клуб ашылып, тағы үш мәдениет нысанының құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар Jana Klub жобасы аясында 15 ауыл кітапханасы жаңғыртылмақ. 

Қарағанды облысында «Оқитын ұлт» жобасы 67,8 мың адамды қамтыса, «BaiQymyz Қарқаралы – 2026» этно-гастрофестиваліне 20 мыңнан астам адам қатысқан. Қызылорда облысында жаңа драма театрының құрылысына дайындық жүріп жатыр. Сондай-ақ өңірде тәулік бойы жұмыс істейтін жаңа архивтік кешен мен Президенттік кітапхана жобасы іске асырылуда. Облыс мамандары әзірлеген Smart Archive платформасы халықаралық архившілер конгресінде таныстырылған. Түркістан облысында биыл 11 мәдениет үйін ашу жоспарланған. Алғашқы жартыжылдықта өңірдің үш кәсіби театры 186 спектакль қойып, 17 мыңнан астам бала шығармашылық үйірмелерге тегін қатысқан. Шымкентте жеті театр 16 жаңа қойылым ұсынып, оларды 124 мыңнан астам көрермен тамашалаған. Қалада жаңа опера және балет театры мен Мәдениет және өнер университетін ашу жұмыстары қолға алынған.      Жиын қорытындысында өңірлерге мәдени нысандар құрылыстарын уақытында аяқтау, цифрлық сервистерді дамыту, тарихи-мәдени мұраны насихаттау және мәдени туризмді дамыту бойынша нақты тапсырмалар берілген.