Қазақ тойының мәдениеті құлдырап бара ма?
«Той дегенде қу бас домалайды» демекші, бүгінгі қоғам ешбір қуанышын ағайын-туыстың басын қоспай, атап өтпейтіні белгілі. Алайда тойдың саны артса да, зиялы қауым арасында бұл жиындарға деген ықылас азайып бара жатқандай. Оған басты себеп – бүгінгі тойдағы дарақылық пен мәнсіздік, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі қазақ тойының орташа статистикалық бейнесі көпшілік арасында жиі сынға ұшырап жүр. Қуаныш бөлісіп, ағайынмен кеңесетін, тағылымды дүние айтылып, рухани иірімдерге толы болуы тиіс ұлттық жиындарымыздың соңғы уақытта деңгейсіз шоу-бизнес пен ерсі ойындардың алаңына айналғаны жасырын емес. Бұл орайда, сын жебесі алдымен той тізгінін ұстаған тамадаларға келіп тіреледі. Осы тұрғыда, той жүргізу мәдениетінің бүгінгі деңгейі мен оның рухани-этнографиялық негіздері жайлы белгілі этнограф Байахмет Жұмабайұлының берген берген жауабы.
Той жүргізу – ағартушылық миссия
Той беремін деген әр қазақтың басты уайымы – той тізгінін ұстайтын адамды таңдау. Этнографтың пайымдауынша, дәстүрлі қоғамда той басқару мәртебесі көп жағдайда суырыпсалма дарынымен, не басқа да қабілетімен танылған азаматтарға бұйыратын. Алайда мұндағы басты өлшем – өнер емес, ақыл мен моральдық ұстанымның беріктігі.
«Біздің дәстүрімізде: «мынау той басқарушы болады», «мынау асаба болады», «мына жаршы басқарсын» немесе «мына адам осы тойды жүргізсін» деп айтпайды. Шешендігімен не басқа да ерекшелігімен танылған азаматтарға той жүргізу бұйыратын. Бірақ оларға қойылатын басты шарт – ақылы, моральдық ұстанымы дұрыс болу керек. Ақылды, арлы, моральды адам тойды жүргізсе, қаншама адам тәлім алады, бұл – үлкен бір ағартушылық негіз болады».
Этнографтың айтуынша, нағыз тамаданың тағы бір қасиеті – жалпы жамағаттың сыр-сипатын, психологиясын дұрыс тануында жатады. Сондықтан той төрінде отырған құрметті қариялардың, құда-жекжат пен қайын жұрттың алдында әдептен аттап, артық сөйлеу, олардың көңіліне тиетін орынсыз қалжың айту – бұрынғының ұғымында көргенсіздік саналып, қатаң айыпталатын.
Кірме мәдениет пе, төмен мәдениет пе?
Бүгінде әлеуметтік желілерде той қонақтарының ар-намысына тиетін орынсыз қалжыңдар мен ер мен әйелдің арасындағы эротикалық ойындардың да куәсі болып жатамыз. Байахмет Жұмабайұлының айтуынша, дәстүрлі ортада мұндай дарақылыққа жол берілмейтін, ал шектен шыққан жүргізушіні халық екінші қайтара алқалы жиынға жуытпаған.
«Қазақтың өзінің дәстүрлі, бұрыннан келе жатқан сауық-сайрандары бар. Ол сауық-сайрандарды тәрбиелік мағынада жүргізеді. Егер тәрбиелік мағынада жүргізілмесе, тойды жүргізіп отырған адам дәстүрге, мәдениетке, тарихи дүниелерге сай емес ағаттық жасаса, сол майданнан шығып кетеді», – деді этнограф.
Маман кез келген жиынның алтын діңгегі – ұрпақ тәрбиесі екенін алға тартады. Ал бұл миссия орындалмаса, кінә тек тамадада емес, деңгейсіздікке жол берген той иелерінде де болады. Сонымен қатар, этнограф бүгінгі тойлардағы даралықты «Батыстың ықпалы» деп ақтауға еш негіз жоқ деп есептейді.
«Біздің халқымыздың тарихи мінездемесі, өзінің көзқарасы – ұрпақ тәрбиелеуді басты орынға қою. Тойды жақсы үлгімен, жақсы мәдениетпен, жақсы көзқараспен жүргізуді мақсат етеді. Біздің қоғамда артықшылық болса да, кемшілік болса да, Еуропадан көретін әдет бар. Олар бізге ештеңені зорлап таңған жоқ – өздерінің арбасын өздері дөңгелетіп келе жатқан елдер. Кейбірі деңгейсіз адамдармен араласып, деңгейсіз адамдардың тәрбиесін көріп, сол мағынада өздерін Еуропаның мәдениетін алып жүрміз деп ойлайды», – деді маман.
Дәстүрлі танымда той – ішіп-жеу мен арзан күлкіні мұрат тұтпайды. Ол қашан да ағайынның басын қосып, ұрпаққа үлгі көрсететін үлкен ағартушылық алаң болған. Этнограф Байахмет Жұмабайұлы айтқандай, бүгінгі ұлттық жиындардың деңгейсіз шоу-бизнеске айналуы – заңның әлсіздігінен емес, қоғамдық талғамның жұтаңдануынан. Тәртіп заңмен емес, талғаммен орнағанда ғана, қазақ тойы өзінің шынайы рухани миссиясына қайта оралмақ.
Қаз
Рус






