Мемлекет басшысы Шолпан-Ата қаласында Мұхтар Әуезовтің бюстін ашты
1 333

Мемлекет басшысы Мұхтар Әуезовтің Шолпан-Ата қаласындағы музей-үйіне барды. Президент музей-үйде Мұхтар Әуезовтің бюстін ашты және құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Айта кетейік, Мұхтар Әуезовтің Шолпан-Атадағы үйі 1959 жылы салынған. Қазақтың ұлы жазушысы бұл үйде 1959-1961 жылдары тұрып, жұмыс істеген, сондай-ақ өзінің «Өскен өркен» атты соңғы романын жазуды бастаған. Бірақ аяқтап үлгермеді.
1970 жылы қыркүйекте мұнда Мұхтар Әуезовтің кітапхана-музейінің ресми ашылу рәсімі өтті. Қазіргі уақытта музейде жазушының жеке заттары: үстел, орындықтар, тербелмелі кресло, үстел сағаты, киім ілгіш, кітап шкафы, кітаптар сақталған. Мұхтар Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері.Әуезовтің қаламынан отыздан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесалардың нұсқаларын қосса, елуден асып жығылады. Мұхтар Әуезов драматургиядағы жанрлық формалардың бәрін қамтыған: трагедия, комедия, драма да бар.
