Қазақстанда KitapTime фестивалі басталды
Қазақстанның түпкір-түпкірінде халықты кітап оқуға шақыру мақсатында KitapTime фестивалі басталды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Ел кітапханалары халықтың кітап оқуға және кітапқа деген қызығушылығын қолдау мақсатында заманауи бағытта жұмыс істейтін болады. Бүгін бүкіл ел аумағында KitapTime фестивалі басталды, оның аясында зияткерлік ойындар, BookCrossing, ПоэзияParty, Non-Fiction, кітап авторларымен, жас ақындармен кездесулер, кітап көрмелері, комикстер мен сурет салудан мастер-кластар, моноспектакльдер және басқа да мәдени іс-шаралар өткізілді. Жобаны Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырды.
Ашық аспан астындағы фестивальге Тұрсын Жұртбай, Маралтай Райымбекұлы, Роза Мұқанова, Елена Әбдіхалықова, Жанат Әскербек, Айгүл Кемелбаева, Танакөз Толқынқызы, Мирас Асан, Рауан Қабидолдин, Бауыржан Қарағзиұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Айзада Рахымжанова, Салқытан Айрхан Сәуірбек сынды ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, сонымен қатар оқушылар, студенттер, мұғалімдер, артистер, суретшілер, зиялы қауым өкілдері қатысты.
«KitapTime жобасы – біздің әдебиетке деген ынтамыздың, сөз өнеріне деген құрметіміздің көрсеткіші деп білемін. Тың жоба кітапсүйер қауымның, елімізге белгілі қаламгерлердің, қала тұрғындарының басын бір уақытта қосқан нағыз рухани жәрмеңкеге айналды. Осындай бірегей жобалар жеткіншектерімізге пайдалы болуы тиіс»,– деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Кітап фестивалі аясында алыс және жақын шет елдерде тұратын қазақтар арасында қазақ тіліндегі кітаптарды таратып, насихаттау мақсатында «Әр қазаққа – бір кітап» акциясы бастау алды. Министр өз тарапынан акцияны қолдап, Мигель де Сервантестің «Айлакер идальго ламанчалық Дон Кихот» романы мен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын сыйға тартты.