Түркістанда мақта алқаптары 14,9 мың гектарға азаймақ

455
Түркістан облысында диқандардың 1,6 млрд теңге қарызын алмауына байланысты мақта егу көлемі азаюы мүмкін, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 




Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының шаруалармен кездесуінде айтылды,

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында болып, мақта өсірумен айналысатын диқандармен кездесті.

Басқосудың басты мақсаты – осы саладағы барлық мәселені талқылап, әлі күнге өткізген мақтасының ақшасын ала алмай жүрген диқандарға көмек беру.

Себебі мақта өңдеу зауыттарының шаруаларға берешегі 1,6 млрд теңгеге жеткен.

Алқалы жиынға Жетісай және Мақтаарал аудандарының әкімі, өңірдегі барлық мақта зауыттарының басшылары мен микроқаржы ұйымдарының басшылары, қос ауданның мақта өсірумен айналысатын диқандары қатысты.

Жиын барысында шаруалар мен мақта зауыттарының басшылары ортақ мәмілеге келіп, көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды.

Өткен жылы мақта дақылы 126,3 мың гектарға егіліп, 361,8 мың тонна өнім жиналды. Биыл мақта дақылының егіс көлемін 14,9 мың гектарға кемітіп, 111,4 мың гектарға егу жоспарланған. Өздеріңізге белгілі 2022 жылы басталған геосаяси жағдайға байланысты мақта талшығын экспорттау қиын соқты. Бұл шитті мақта бағасына тікелей әсер етіп отыр, – деді Е. Кенжеханұлы.