Қалдықтан қуат алатын экопарк іске қосылды
Олжас Бектенов Shenzhen Energy Environment басшысы Ван Ганмен қалдықтарды кәдеге жарату және озық экостандарттарды енгізу бойынша ынтымақтастықты талқылады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министр Олжас Бектенов Аймақтық экологиялық саммит - 2026 аясында елордаға келген қытайлық Shenzhen Energy Environment Co Ltd компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ван Ганмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанның жаңа Конституциясында бекітілген қоршаған ортаны қорғау нормалары және Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экология саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланған. Елордада қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып, электр энергиясын өндіруге арналған «Астана энергиясы» экопаркі инвестициялық жобасының бірінші кезеңінің құрылысы басталды. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 180 млн АҚШ долларын құрайды.
Бірінші кезең аясында кәсіпорынның қуаты тәулігіне 1,5 мың тоннадан астам қалдықты өңдеуге жетеді. Ал өндірілетін электр энергиясының көлемі 50 МВт-қа дейін болады деп жоспарланып отыр. Жоба аясында экологиялық қауіпсіздікке ерекше назар аударылып, қалдықтарды тазартудың заманауи көпсатылы жүйелері енгізіледі. Осы мақсатта Астанада «East Hope» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылды.
Нысанды пайдалануға беру 2029 жылдың маусым айына жоспарланған. Премьер-министр Энергетика министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға аталған тәжірибені еліміздің басқа өңірлерінде де енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Өз кезегінде Shenzhen Energy Environment Co., Ltd директорлар кеңесінің төрағасы Ван Ган компания жобаның екінші кезеңін іске асыруға ниетті екенін жеткізді. Бұл болашақта қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында жинақталған қалдықтарды толық жоюға мүмкіндік береді. Бүгінде компания портфелінде Қытай аумағында орналасқан, жалпы қуаты тәулігіне 79 мың тонна болатын 57 қоқыс өңдеу және жағу зауыты бар. Компания шамамен 20 миллион халқы бар Шэньчжэнь қаласында тұрмыстық қалдықтардың 90%-ын сұрыптап, қайта өңдеуді қамтамасыз етіп отыр.







